Мәселе оң шешімін тапса игі

Өткен жұма күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарамасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы "Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" ҚР заңының жобасы талқыға салынды. Басқосуға облыстағы мүгедектер қоғамдық қорларының өкілдері қатысты.
Қоғамдық талқылауды Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаментінің мүгедектерді оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Табергенова жүргізді:
– "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" заңының қабылданғалы отырған жаңа нұсқасы жеке тұлға және қоғамдық ұйым өкілдері ретіндегі мүгедектердің, жалпы мүгедектер қауымының іс-қызметтерін реттейтін негізгі заң болып табылады, – деді ол.
Тыңдау барысында қоғамдық ұйым өкілдері заңның жекелеген баптары бойынша пікір алмасты. Мүгедектердің қоғамдық ұйымдары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын жүзеге асыру мәселелерін шешуге бағытталған бірнеше ұсыныс енгізіп отыр. Олардың арасында мүгедектердің тұрмыстық ортасын жақсартуға, олардың әлеуметтік сала нысандарына кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасауға, мүгедектер үшін қоғамның барлық салаларында тең құқық пен мүмкіндіктер тудыруға, мүгедектердің  қоғамға  әлеуметтік  интеграциялануына жағдай жасауға қатысты талаптар бар.
– Қостанай қаласында мүгедектерді оқытатын арнайы мектеп жоқ. Қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ондай оқу орны тек Қостанай ауданының орталығында бар. Сол себепті, облыс орталығындағы мүгедектер Затоболға барып дәріс алуға тура келеді. Осы мәселеге назар аударылып, қалада арнайы оқу орны ашылса деген тілегіміз бар, – деді "Радуга" ҚҚ төрайымы.
Қоғамдық тыңдаулар нәтижесінде мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының біріккен ұсыныстары жаңа заң жобасына енетін өзгертулерді талқылап енгізу мақсатымен  Үкіметке, Парламентке жолданады.
Шұға                         
             ҚОҢҚАБАЙ
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓