Асқар Наймантаев: “Әзіл кім көрінгеннің ойыншығы болып кетпесе екен”
Қаламызға әртіс, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Асқар Наймантаев келді. Ешкімді шулатпай, үн-түнсіз ғана бір шабаданын қолына алып келген ағамыз бір өзі-ақ жиналған халықты риза етті. Салмақты, ойлы қалжыңына жиналғандар ризашылығын білдіріп жатты. Кезінде «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы көпке танымал болған актердің «Теріс қақпай» театры да елдің есінде. Сегіз қырлы, бір сырлы әртіс ағамыз бұл жолы да аспай, саспай көпшілікті бір күлкіге көмді. Бір күнде екі концертін қатар берген Асқар Наймантаевпен кездесіп, сұхбат құрған едік. – Асқар аға, Қостанай жеріне көптен келмеген боларсыз. Не жаңалығыңызды ала келдіңіз?
– Неге болмасын, жаңалығым бар. Мүмкін бұл ойын біреуге жаңалық та болмас кім білген… Бірақ халықты арзан күлкімен алдамайтын, салмақты, ойлы күлкімізді алып келдік.
–Сөз арасында арзан күлкі деп қалдыңыз. Сіздіңізше осы арзан күлкі дегеніміз не?
–Арзан күлкі дегеніміз – көпшіліктің көріп жүрген сөз қуалаған күлкі. Былайша айтқанда, қысыр сөз. “Қысыр сөз күлмекке жақсы” дейді. Сахнада қысыр сөзді мен де айтамын. Халықты күлдіріп, өзіңе қаратып алу үшін ол да керек. “Ойын білмеген бала шешесінің етегін көтеріп ойнайды” деп қатты айтады қазақ. Бізде қазір дәл осындай қалжыңдар қаптап кетті. Ең сорақы, ең арзан, ең масқара күлкі міне, осы.
–Осындай масқара күлкіге қаншалықты әуес болып барамыз?
–Бұл жай ғана әуестік емес, ол бізді жаулап алды. Мына “Жайдарманның” өзін қарап отырып, дөрекі ойындарына ішім ауырады. Көңілдеріне келмесін, сол ойындарға әділқазы болып отырған, мүйізі қарағайдай жандарды көріп, неге солар оң-солын танымайтын жастарды дұрыс жолға қоймайтынына таң қаламын. Мүмкін соларға ақша төлейді ме екен деп те ойлаймын. Біз ондайларды төбемізге шығарып алдық. –Сонда осынша мазақ қылатындай, мұндайға жол беріп отырған кім?
–Өзіміз. Ең жаманы, ол бизнеске айналды. Біздер қаншама аттандап, шуласақ та болар емес. “Төрт асаба қосылып алып, театр болып жатыр” деп Уәлибектің айғайлағанына екі-үш жыл болды. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бірақ мұндайға тоқтау салатын кез келді. Мысалы, Өзбекстанның кез келген әртісіне патент беріледі. Оларды тексереді. Көркемдік кеңес құрылып, арнайы сынақтан өтеді. Бір жылға жарайтын патент алады. Ал, патенті жоқ адам, тіптен, тойды да басқара алмайды. Ауылға гастрольмен бара қалсақ, біздің алдымызды арзанқол өнерімен орап кететін жастар көбейді. Олардан соң ауыл адамдары біздерге ренжиді, өнердің басында жүрген сіздер мұндайға жол бермеулерің керек деп. Не айтасың енді? Патент туралы айтып алдық та ертеңгі күні аға-көкелерін салып оны алудың да жолын табар деп те ойлайсың. Қашан бұған тоқтау болады, тіптен басым жетпейді. Бірақ тоқтау болуы керек.
–Қазір гастрольдерге қаншалықты көп шығып жүрсіз?
–Қолымнан келгенше шығып жүрмін. “Қымызхана” бағдарламасын бастағанда режиссері болдым да, екі-үш жыл шықпадым. Одан сабақ бердім, мектеп аштым да көп уақытымды осы істерге арнадым. Бірақ қолым қалт етсе елмен қауышқым келіп тұрады. Осы гастрольдік бағдарламаның өзі де “Елімнің еркін күлкісі” ұранымен әр әзіл театры әр облысқа барсын деп шешкен едік әу баста. Содан сапарымды Солтүстік Қазақстан облысынан өзім бастап кеттім. Біраз облыстарды араладым. Сіздерге жол енді түсіп жатыр. Осыдан соң Омбыға жол жүрем. Наурыз, сәуір айларында Торғай, Аманкелді аудандарына барамын. Әйтеуір ауылда клуб болса болды, шалғайлығы мені қорқытпайды. Біздер деген бұрынғы ұрпақпыз. Бір көрермен келсе де, соны дәтке қуат етеміз. Шынайы өнер бар екенін, әзілді тыңдап та ойлануға болатынын, бірден дар ете түспей мырс ететін күлкі бар екенін көрсеткім келеді.
–Сіз “Тамашаның” дүркіреп тұрған шағында сахнаға шықтыңыз. Жалпы сол шақта әзіл-оспақ театрының қатарынан көріну қаншалықты қиын еді?
–Бұрындары сахнадан көріну үшін кәсіби деңгей жоғары болу керек болатын. Өзім “Тамаша” ойын-сауық отауына қабылдану үшін алдарына үш рет барған едім. Студент кезім. Ол кезде “Тамашаның” дүркіреп тұрған кезі. Бір барғанымда Лұқпан ағамыз мені біртүрлі дұрыс қабылдамағандай көрінді де, мен де осыны сезіп, аса бір құлшынбай өнерімді салғырттықпен орындап бердім. Келер жолы тағы бардым, Көпен ағаммен таныстым. Ол жолы да солай болды. Үшінші рет ел танып, ауызға ілініп жүрген кезім. Сол кезде Тоқсын ағамыздың өзі келіп, ол кісінің кешіне сценарийін жаздым. Сол кісінің ақылымен әлгі ортаның сынына тағы түстім. Барсам “Тамаша” толық құрамымен отыр екен. Сценарийімді тыңдап, мақтап, сен “Тамашаның” адамысың деп қабылдады. Міне, бір сахнаға шығу үшін қаншама сүріндім. Біздерге алдымен талап қоятын. Қаншама әншінің бағын ашқан осы “Тамаша”. Лұқпан ағамыздың құлағының сиқыры бар болатын. Лұқаңның сынынан өту деген сахнаға жол ашу деген сөз. Ал қазір бәрі сатулы болып кеткен. Еш нәрсенің парқы қалмай бара жатқан сыңайлы.–Соңғы кезде қазақ фильмінің қатары көбейді. Сізді де отандық комедиялық сериалдардан көп көріп жүрміз.
–Қазір жақсысы бар, жаманы бар қазақ фильмі көбейді. Даму қарқыны да жаман емес. Комедиялық сериалдарға шақыртумен түсіп жүрмін. Соңғы түскен екеудің ішінде “Бастық боламын” сериалы танымал болып кетеді деп ойламадым. Алғашында соншалықты көңілімнен шыға қоймаған еді. Сөйтсем, керісінше, осы фильм ел арасында жақсы танылыпты. Бірде Маңғыстауға барсам менің атым өзгеріп, Мансұр болып, өзім де байқамай, халыққа осы рөлмен жақын болып кетіппін. Не сиқыры болғанын өзім де түсінбеймін. Десе де киноға деген ұсыныстың барлығына бірден келісе бермеймін. Бас тартқан кездерім де бар. Сценарийі ұнамай қалады, кейде “қазақтарға жарайды” деген жаман түсінікті сезсем кер желкем кейін тартады. Сондайда бас тартамын. Бұл ақшаға қатысты емес. Әзіл кім көрінгеннің ойыншығы болып кетпесе екен деймін.
–Сіз туғаннан сахнадамын дейсіз. Сахна да, көрерменнің жайы да сізге жақсы таныс. Осы көрерменнің әзілді қабылдау деңгейі уақыт өте келе өзгерді ме?
–Жас толқынның жетілгені болмаса аса өзгерді деп айта алмаймын. Әзілді түсінбейтін адам бұрын да, қазір де бар. Бірақ, біз бір буынның обалына қалдық. Бір кездері мәдениет үйлерін жауып, сондай бір ұрпақты өсірдік. Осының артынан сөз тыңдауды білмейтін көрермен пайда болды. Жүрдім-бардым көрермен залда да бар. Ол біздерге сезіліп тұрады. Қысыр сөзге үйір көрермен бар. Менің кешіме жастар көп келеді. Жастарды қызықтыра білгенімізге қарағанда сол жастарға жақсының парқын әлі де түсіндіру жетпей тұр-ау деймін. Бұрын ауылдағы клуб жетекшілері қандай мықты адамдар болатын. Қазір енді түсініксіздеу адамдар мәдениетке келіп жатқан соң не айтуға болады…
Оның сыртында “бытовизм” деген пәле қаптап кетті. Бұрын ұстаздарымыз осы сөзді көп айтып, одан аулақ болыңдар деп құлағымызға құятын. Сол кезде олар сезген екен ғой түбі бізді жаулап алатынын. Қазір осы “бытовизм” біздің сахнамызға мықтап тұрып еніп алды. Ол орын алған соң кәсібилік шетке ығыса бастады.
–Қазір саяси сатира дегенді көп айтамыз. Саяси сатираны естір құлақ, одан шығар қорытынды бар ма?
–Жоқ. Ешқандай да қорытынды жоқ. Бір кездері Ұлан екеуміз Ратбек қажыны түйреп, мешіт құрылысының ұзаққа созылуын тақырыпқа алдық. Осы әзіл үлкен іске қозғау болды. Қазір астарлап емес, тікелей айтсаң да былқ етпейді. Бұрын фельетонға жауап келетін. Қорытынды шығатын. Қазір де оқимын сатираны. Әзілдің өзі белгілі бір қожайынға қызмет етсе, оның да тілі байланып қалады екен. Қазір тіл тістеуді үйрендік. Оның қасында интернет желісінде жазған бір ауызың қазіргі “Араны” он орап кете ме деп ойлаймын.–“Күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім”. Негізі қатты айтылған сөз. Күлдіреміз деп күлкі болып жүрген кезіміз көп пе?
–Әзірге мазаққа ілініп, күлкі болып жатпаған сияқтымыз. Күлдіріп-ақ жүрміз. Бірақ мазақ пен келекені өнерге айналдыруға болмайды. Әттеген-айы, оны да іске асырған, “Мен алдандым” деген шоудың жігіттерін де көрдік. Бұл да өнер ме? Мазақ пен келекені өнерге айналдыру, меніңше, өлім.
–Ел сағынған “Тамаша” қайта оралуы мүмкін бе?
–Бұрынғыдай классикалық “Тамашаны” көргіміз келді. Өлген жоқпыз, бармыз. Бірақ сол қайта бас қосу, жиналу жолында басқа арнаға кетіп қалатын әріптестеріме кейде қынжыламын. Меніңше қайта оралмайтын сияқты.
–Бүгінгі келісіңізге қарап, шынымды айтсам, таң қалып отырмын. Бар болғаны қолыңызда бір шабадан. Оның өзі де артық деп жатырсыз. Алдағы уақытта да осылай жалғыз жүре бересіз бе?
–Жүре беремін (күліп). Негізі жалпы эстарада актерлерінің ерекшеліктері де осы сияқты. Өзім студент кезімнен-ақ осы жалғыздыққа бейім болған едім. Райкин, Петросяндар жүрді ғой. Ел аман болса, сахнаға шығып кеткенде өзімді көп адам сияқты сезінемін. Жаныма серік ерткен кезім де болды. Бірақ жараспадық. Біз ыстық пен суықтың ортасында жүрсек те көрермен ықыласы үшін еңбек етуге үйренген ұрпақпыз.
–Әлеуметтік желі қаншалықты серігіңізге айналды? Сатира жанрында өндіртіп жазып жүрсіз бе?
–Жазып жүрмін. Сатираның сыртында фейсбуктің парақшасында қаншама дүние басамын. Оны “Дат” та еншілеп алып жатады. Көзіме томпақ келген дүниені жаза қоймасам мазам кетеді. Бірнеше кітаптарым да бар. Оқулық та жазғанмын студенттеріме арнап. Фейсбукте де уақыты келгенде жазып, жақсы дүниелерді де оқып тұрамын. Соншалықты пайдаланатындай серігім дей алмасам да, елден қалмай қарап отырамын. Осыдан екі жыл бұрын қатты ауырдым. Еш себепсіз аяқ-қолым тартылып қалды. Ем алсам да дұрыс болмады. Сол қиналған шағымда миымда бір-ақ мақсат тұрды. Сахнаға бір шықсам жазылып кетер едім деген. Содан таныстарыма телефон шалып, концерт ұйымдастырып сахнаға шыққым келді. “Арбаға таңылып қалыпты” деген қауесет те тарады. Бәрі жаныма қатты батты. Содан Талғарда концерт бердім. Халық лық толды. Шынымен де бір өзім алып шығып, кейін жан-жаққа шыға-шыға жазылып кеттім. Туып-өскен, тұсауым кесілген киелі сахна қиын-қыстау сәтте де өзі жазып алды.
–Аға, сәті келгенде уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет. Сізді қашанда сахна төрінен көрейік.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
Сәтімен келген сұрақтар, жақсы сұқпат болыпты.