Қадірлі ағайын! Құрметті оқырман!
Айда аяқ, жылда жілік жоқ, былтыр байтақ облысымыздың бел-белесі, ой-қырын басып өтіп, қалың ел, қара орманның ортасындағы алқалы жиында, дуалы ауыз ағайынмен, қалың оқырманмен жүздестік, сырластық. Сондай кездесулерде заман ағымымен үндескен бабасал басылым қазіргі таңдағы өңірдің рухани өмірі мен болмысы, дүниетанымы, маңызы тереңге тартатын көп қырлы мәдени жәдігерлер, тағылымдық-тәрбиелік көркемдік құндылықтар хақында кеңірек орын берсе деген өздеріңіздің ұсыныс, тілектеріңізден кейін туған міне, осы қосымша жарық көріп отыр.
Қазақтың жаны мен ой-парасатын байытуда табан ақы, маңдай тер, көздің жасы, көңілдің жылуымен қалам тартып келе жатқан газет атайман қызметкерлерінің қазіргі шығармашылық әлеуеті Сіздерді әлі де талай тың дүниемен қуанта береді деген үмітіміз бар. Осынау бес күн жалғандағы тіршілігі, тағдыр соқпағы, заман мен адам қарым-қатынасы, тарих пен тағдыр мәселесі, жан тербеп, жүрек қоз-ғар, көңіл желпінтіп, бүлкілдетер күй басылым бетінен сезілер болса – нұр үстіне нұр!
Ой-пікір, ұсыныс-кеңес күтеміз!
Бас редактор