Краншы қыз
Бүгінде «ССКӨБ» АҚ бөлімшелерінде кран машинисі мамандығын меңгерген 100-ге тарта қыз-келіншек еңбек етеді. Ер адамдармен қалыспай, өндірістің ауырпалығын көтеріп келе жатқан сол арулардың бірі – Индира Шығанбаева.
Техника мен технология қарыштап дамыған қазіргі заманда қыз-келіншектер араласпайтын сала жоқ. Әйтсе де, өндірістегі кран машинисі мамандығының өзіндік ерекшелігі де, қиындығы да бар. Ерлермен иық теңестіріп, жұмысы бір саябырламайтын Жол шаруашылығы және құрылыстар басқармасының депосында еңбек ету қажырлылықты, шебер-лікті, өз кәсібіне берілгендікті қажет ететіні сөзсіз.
– Мен қазіргі Көлік және құрылыс колледжінде «Кран машинисі» мамандығы бойынша 3 жылдай білім алып, 2012 жылы комбинатқа жұмысқа тұрдым. Барлығымыз бірдей мұғалім, дәрігер, заңгер не қаржыгер болуымыз шарт емес қой. Әркімнің жүрек қалауы, ыңғайы келетін ісі болады. Құдайға шүкір, осы уақытқа дейін таңдаған мамандығыма еш өкініп көрмеппін. Қайта екінің бірі бара бермейтін жауапты міндетті атқарып, қаламыз бен еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып жатқанымды мақтан етіп жүремін, – дейді кейіпкеріміз.
Таңның атысынан күннің батысына дейін басынан каскасы, көзінен көзілдірігі, қолынан қолғабы түспейтін Индираның жұмысы айтуға ғана оңай. Дегенмен, биіктен, кранның терезесінен қызған тірлікке қызыға қарау оны тың табыстарға, жарқын күндерге жетелей түседі.
Краншы келіншек жұмыс барысында еңбек қауіпсіздігі техникасын қатаң сақтай отырып, берілген тапсырманы орындау кезінде келеңсіз оқиғалар орын алмауына ден қояды. Өйткені, адам өмірі мен денсаулығы – бәрінен де қымбат. Күрделі әрі жауапты жұмыстардың басы-қасында жүру Индираны ылғи да жинақылыққа, ұқыптылыққа тәрбиеледі. Сондықтан басшылықтың оған деген көзқарасы түзу.
– Индира – жас та болса, өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі маман. Зиянды әдеттерден аулақ. Ұжым оны қарапайымдылығы, еңбекқорлығы үшін құрмет тұтады. Бір орнында тұрмай үнемі білімін жетілдіріп, шеберлігін шыңдап келеді. Біз өндірістің тірегі болған осындай мамандарды өзгеге үлгі етеміз, – дейді басқарманың бас инженері-механигінің орынбасары Ринад Абдрахманов.
Ана ретінде отбасының жағдайын жасап, бала тәрбиелеумен қатар өндірісте өзінің орнын тапқан Индира Шығанбаева әлі талай еңбек белестерін бағындырып, комбинаттың өсіп-өркендеуіне үлес қоса беретініне сенім мол.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Рудный қаласы