«Аманкелді шыңын» бағындырды
Биылғы жыл Қостанай облысы үшін айтулы даталарға толы. Қойнауы тарихқа толы Қостанай өңірі талай зұлмат оқиғалардың куәсы болған. Сондай қанды қырғындардың бірі, Торғай бойындағы Аманкелді Иманов бастаған көтеріліске 100 жыл толып отыр. Бұл атаулы дата республика бойынша кең көлемде аталып өтпек. Батыр баба дүниеге келген Батпаққара даласы да құр қарап қалмайды. Күз айларында Аманкелді ауданы ат шаптырып, алты алашқа ас бермек.
Ал ел көлемінде жыл басынан бері түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Сондай жылы жобалардың бірін Аманкелді батырдың жерлесі Біржан Мешелов есімді жігіт жүзеге асырды. Ол Алматыдағы Алатау тауының басындағы «Аманкеледі шыңы» деп аталатын шыңды бағындырыпты.Біржан бауырымыз альпинист емес. Алайда, Алатаудың басына шығуға өзінің туған жеріне деген ыстық ықыласы себеп болғанын айтады.
-Мамандығым – қаржыгер. Бұл бастаманы былтыр жоспарлап, қолға алған болатынмын. Түрткі болған – Ұлт-азаттық көтерілісінің жүз жылдығы. Туған жерімнің тарихы мен атын әйгілегім келді. Өз Отанына, өткеніне, ата-баба рухына тағзым ету әр перзенттің борышы деп санаймын. Қасыма серік қылып пиаршы журналист Қуат Домбай, Назарбаев қорының басшысы Асылан Сәрінжіпов есімді азаматтарды алдым. Сондай-ақ, жолбасшы ретінде тағы екі адам қосылған. Саяхатымыз әсерге толы болды. Тау басындағы найзағай мен қар көшкіні үрей ұялатқаны жасырын емес. Соған қарамастан сапар сәтті өтті,-дейді Б. Мешелов.«Аманкелді шыңының» биіктігі – 4 мың метр. Ал оған көтерілу үшін 11 шақырым жерді жүріп өтуі керек. Халық батырының суреті мен есімі жазылған белгіні шыңға жеткізген Біржан мұны жүзжылдық қарсаңындағы игі ісі деп есептейді.-Алғашында туысқандарым мен келіншегім алаңдап, қарсылық білдірді. Бұрын-сонды тауға шықпақ түгілі, тау көрмей өскенбіз ғой. Бірақ айтылған сөз, атылған оқпенен тең. Тәуекелге бел буып, құздың қиыр басына жол тарттық. Оңай болмады. Біріншіден, бұл ерлік пен елдікке деген тағзым болса, екіншіден, тау басындағы таза ауамен тыныстап, тәнімізді шынықтырып қайттық деп ойлаймын.Асуды алқымдаған жігіттер шыңға шығарған батыр аты мен суреті берделенген белгіні аудандық мұражайға тапсыруды жоспарлап отыр. Жергілікті мұражайды жәдігерлермен де толықтыру керек. Жігіттер бұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта Батпаққара өңіріне блог-тур өткізуді көздейді. Тарихтағы тұлғаларды ұлықтап, туған жердің мерейін асыра түссек дейді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Батыр жигит,риза болдым.