ОҚ ТОҚТАТПАҒАНДЫ СӨЗ ТОҚТАТАДЫ

Палестинамен қайта-қайта қарулы қақтығысқа түскен Израиль әскерилері жалғыз жүретін террористерді жазбай танудың және солармен болатын қарулы қақтығыс пен жойқын жарылыстардың алдын алудың жаңа тәсілін игерді.  Еврейлердің жаңалығы әлем жұртшылығын елең еткізді. Әсіресе, қара сөмкесін арқалап, қалың жұртшылықтың бел ортасында жарылып жататын жанкештілерден әбден запы болған еуропалықтар израильдіктердің айла-әдісін бірден  игеруге кірісті.террор
Тек, еуропалықтар ғана емес, Азия мен Араб елдері де терроризмді жою, содырлық іс-әрекеттің алдын-алу мақсатында түрлі жобаларды жүзеге асырып, мемлекеттер өзара қарым-қатынасқа түсуде. Тіпті, тұтастай елдерді «төмпештеудің»  астына алып, террористер шығады ау деген жерлерді жермен жексен қылуда. «Мұның барлығы да әлем жұртшылығына төнген қауіпті жою үшін жасалған қадам» – деп, қолына қару алған күштілер өз әрекеттерін ақтап әлек. Төрелігін тарих білдірер. Біздің айтпағымыз – бұл емес. «Қауіптің себеп-салдарын жойғанша, алдын-алған жөн» – деген қағиданы ұстанған израильдіктердің ұсынған жаңалығы – қантөгіссіз, көп шығынсыз, күдіктілерді анықтау, адам өміріне қауіп төндіретіндей жағдай туындаса, бір-бірлеп көздерін құрту.  
Соғыс саласының қыр-сырын меңгергендер ескі әдіспен содырларды анықтаудың қиындап кеткенін алға тартады. «Қазіргі жанкешті әрекетке баратындардың дені 24 жасқа дейінгі жас жігіттер, 90 пайызы ер азаматтар. Олар белгілі бір іс-әрекетке барар алдында көшбасшыларының уағызына ұйып шығады. Діни фанатизмге берілгендері ешнәрседен тайынбайды, қажет болған жағдайда өз-өздерін жарып жіберуге даяр» – дейді Израиль әскери қызметінің баспасөз қызметі.
Ондайлар Израильдің адам көп шоғырланған 5-6 нысанын торуылдайтын көрінеді. Көбіне көп суық қаруды қолданады немесе жарылғышпен толтырылған көлікпен нысанға соғылып, жанкештілік жасайды.  Жанкештілікке баратындардың дені – мінезсіз, көшбасшылық қасиеттен ада, жуас әрі суицидке бейім болатын көрінеді. Қайғылы оқиғалардан кейінгі тексеру барысында көбінесе, жанкештіліке барғандардың сол кезге дейін әлеуметтік желілерде уағыз тыңдап, суицидтік көзқарастағы әңгімелер өрбітетіндігі әшкереленеді. Сондай-ақ, көлікпен халықты жаныштап, артынша күлі көкке көтерілетіндер  жылдап көлік тізгініне отырмағандығы анықталып жатады.
Қазіргі террористердің психологиялық бейнесін әспеттеген әскерилер қайғылы жағдайлардың алдын-алуға бағытталған біраз істі қолға алып отыр. Ең бастысы, күдіктіні шаруасын бітіргеннен кейін емес, алдын-ала, жымысқы әрекеті анықталған сәттен-ақ құрықтау көзделген. Мұндай жағдайда ондаған тіпті, жүздеген жанды ажалдан арашалап қалуға болады. Көбіне-көп оғаш әрекетке оқталып жүргендердің туыс-туғандарымен, жақындарымен жүздесу де оң нәтижесін беретін көрінеді. Израильдік әскерилер күдікті жайында палестиндік әріптестеріне хабар береді. Өз кезегінде олар отандастарын ортаға алып, жан-жақты жұмыс істейді. Таяу Шығысты тұрақтандыру келісімінің негізінде екі тарап та, осылайша,  бір-бірінің тілін тауып отыр.
Өкінішке қарай, әлем державаларының шиеленіс алаңына айналған Сирияда мұндай келісім жасайтындай мүмкіндік болмай отыр. Сириядағы соғысты тоқтату жөніндегі Ресейдің ұсынысы АҚШ тарапынан қолдау таппады. АҚШ мемлекет хатшысы Джон Керри Араб елдеріндегі қантөгісті тоқтату жөніндегі орыстардың ұсынысын қабылдайтындай ешбір негіз жоқ деген шешімге келді. Тіпті, Сирия әскері Алеппоға аузын ашса, оқтың астына алу керек деген ойын ашық айтуда.
Бұған дейін РФ СІМ Сергей Лавров пен АҚШ мемхатшысы Джон Керри Сириядағы қантөгісті тоқтату жөніндегі келісім жасап, елді оқтан азат ету жоспарын құрған болатын.  Арада апта өтпей жатып, АҚШ тарапы райынан қайтты. Сарапшылардың пайымдауынша, Сириядағы қақтығысты тоқтатпайынша, терроризмге тосқауыл қою мүмкін емес. Ресми Мәскеу де осындай пікірде. Ал ресми Вашингтон «Сириядағы соғыса Ресей кінәлі, сондықтан да, оны шешуді өз қолдарына алсын» деген пікірді ұстанып отыр. Сонымен қатар, Сирияның ресми әскеріне қарсы қару қолдану ықтималдығын да жоққа шығармайды олар. Осылайша, екі державалық елдің ортасында тағы да сириялықтардың сорлайтын түрі бар. Ал Палестина мен Израильге келер болсақ, екіжақты келісім мен бірлескен жобалардың  нәтижесінде,  лаңкестіктің саны 5-ке қысқарыпты. Былтырғы жылдың дәл осы мезгілінде бұл жақта 32 терроризм актісі тіркелген еді. Сондай-ақ, палестиналық бүлікшілер 146 рет шабуыл жасап, 51 рет суық қару пайдаланған. Екіжақты келіссөздің нәтижесінде, осылардың барлығын да тоқтату мүмкін болуда. Олар үшін әзірге, оқтан гөрі сөз өтімді болып тұр.
Біздің елімізде келеңсіздіктің жолын кесу мақсатында, ауыз толтырып айтарлықтай істер тындырылуда. Жер-жерлерде  арнайы үгіт-насихат топтары жұмыс істеп, терроризм мен экстремизмнің кесірі жайында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Елбасымыздың бастамасымен, ел болып жұмылған жұмыстың нәтижесі жақсы. Жақында ғана облыс әкімі,  құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган басшыларының қатысуымен  терроризмге қарсы комиссияның отырысын өткізді. Басқосу барысында, Архимед Мұхамбетов жастар арасындағы түсіндіру жұмыстарын әлі де күшейту керектігін тілге тиек еткен еді. Жұмыр жерді жайлаған кесапатпен күресу үшін де қажеті осы – бір-біріне сілтейтін суық қару емес, ата-бабам тоқтаған аталы сөз. Осыны естен шығармағанымыз абзал.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓