Арғы жағы мұхиттың, бергі жағы…
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысына АҚШ-тан инвесторлар келіп, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысқан еді. Бүгін олар облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысымен өткен жиында ықтимал әріптестік туралы мәселелерді ортаға салды.
Үлкен мақсатты жүктеп келген делегацияның жетекшісі, TysonFreshMeatInc компаниясының басшысы Гарольд Дин Сандорски біздің өңірмен әріптестік орнату туралы жоспарларымен бөлісті.
– Бізде күніне 28 мың бас сиырдың етін өңдейтін алты зауыт жұмыс істейді. Ал апталық өнімділігі – 180 мың бас. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл дегеніңіз елеулі көрсеткіш. Сонымен қатар, шошқа етін өндіретін жеті зауыт бар, нақтылай айтқанда, күніне 16 мың бас шошқаның еті аталмыш цехтар қолынан өтеді. Бұған қоса, тауық еті өндірісі де жақсы жолға қойылған. Аптасына 25 млн бас тауықтың еті сұраныс нүктелерін қанағаттандырады. Біздің басты құндылығымыз – адамзаттың талабына сай компанияға айналу. Сондықтан, егер біз сіздердің аймақтарыңызға үлесімізді әкелсек, сіздерде бар салаға қатысты саясатпен өміршең кәсіпті дамыта аламыз деп ойлаймын. Сіздердің мамандарыңызды өзіміздің технологияның тіліне үйретеміз, сол арқылы екі жаққа да пайдалы нәтижелерді көретінімізге күмәнім жоқ, – деді ол.
Әріптестердің бір талабы – облыста ирригация және жүгеріні өсіру дамуы керек. Өйткені жеке комбикорм – компания жұмысының негізгі тірегі.
Шетелдік делегациямен қоса, Қостанайға KUSTO GROU Директорлар Кеңесінің Төрағасы Еркін Тәтішев келді. Оның сөзінше, Қостнай облысының айналым әлеуеті өте жоғары. Сондай-ақ, 10-15 жыл өнімді ынтымақтастық аясында бәрі де өзгеруі мүмкін. Бұны, елге "Шеврон" компаниясының кіруін және Қазақстанның мұнай саласының толықтай өзгеруімен салыстыруға болады. Дәл осындай жағдайды ауыл шаруашылығы күтіп отыр.
Облыс әкімі А.Мұхамбетов атап өткендей, барлық мемлекеттік қолдау шаралары міндетті түрде көрсетілетін болады және ынтымақтастық пен әріптестік ғұмырлы әрі өнімді болмақ.
Сурет "Костанайские новости" сайтынан алынды