Мешіт тарапынан мейірім
Арамызда мүмкіндігі жоқ болғанымен, өмірден үміті көп жандар аз емес. Өткен аптада Тобыл кентінде жергілікті әкімшілік пен Ажар мешіті бірігіп «Қайырымдылық іс – адамгершіліктің қасиеті» мүмкіндігі шектеулі жандарға іс-шара ұйымдастырды. Арнайы дастархан жайылып, сый-сыяпат жасалды. Шараның өтуіне үлес қосқан Қостанай облыстық мәслихаттың депутаты Айнаш Даданова сөз сөйлеп, мұндай рухани отырыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. Ал сөз алған Таран ауданы Əйет мешітінің бас имамы Ислам Шамғынұлы Алланың сынағына сабырлық танытып, шүкіршілік етуге, өмірден ешқашан күдер үзбеуді насихаттады.
Мұндай кездесулер мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Бұл туралы Ажар мешітінің бас имамы Игілік Ділдәбеков түсіндіріп берді.
– Тағдырдың кермек дәмін жастай тартып келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдыры кім-кімді болсын, бей-жай қалдыра алмайды. Оларды «мүгедек жандар» деп айтудың өзі жаныңды ауыртады. Керісінше оларды рухани мықтылар дегеніміз жөн секілді. Олар ауыр соқпақтан селт етпей, қандай қиындыққа да қарсы тұра біледі,- деді Игілік Ділдәбеков.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ