Баскетбол лигасының аруы

Рудный қаласында «Мектептік баскетбол лигасының аруы» белгілі болды. Балалар мен жастар шығармашылығын дамыту орталығында өткен сұлулық байқауына 7 бойжеткен қатысып, өзара бақтарын сынады.баске
Айта кетейік, өткен жылы Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада мен Халыаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуіне орай кеншілер қаласының оқушылары арасында баскетболдан Мектептік лига бастауын алған болатын. Ауқымды іс-шараның аясында осы спорт түрінің ең сұлу жанкүйерін анықтау үшін арнайы байқау да жарияланды. Оған қатысуға 16 бойжеткен ниет білдірді. Алайда әлеуметтік желілер арқылы ең көп дауыс жинаған бойжеткендер ғана сұлулық сынының ақтық кезеңіне жолдама алды.баска
– Бұл – еліміз бойынша баскетбол жанкүйерлері арасында ұйымдастырылып отырған тұңғыш сұлулық байқауы. Сондықтан оны жоғары деңгейде өткізу үшін үміткерлер бір ай бойы Балалар мен жастар шығармашылығын дамыту орталығының педагог-хореографтарынан дәріс алды. Сабақтан бос уақыттарын жаттығу залында өткізіп, дайындықты үдете түсті. Егер байқау көрерменнің көңілінен шығып жатса, оны дәстүрге айналдыру жоспарда бар, – дейді қалалық білім бөлімінің әдіскері, шараны ұйымдастырушы Сергей Панов.
Байқаудың алғашқы кезеңінде арулар бейнеролик арқылы өзін-өзі таныстырды. Спорттық би конкурсында әділқазы алқасы әрбір үміткердің сахнада өзін ұстау мәдениеті мен музыкалық ырғаққа сай дене қимылының еркіндігін бағалады. Шешуші кезеңде баскетбол жанкүйерлері кешкі сән көйлегімен дефиле жасап, зал толы көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.баскет
Құрамында спорт бөлімінің мамандары мен спорттық мектеп-клубтардың жетекшілері бар әділқазы алқасының жан-жақты ақылдаса келе, «Мектептік баскетбол лигасының аруы – 2017» атағына №4 мектеп-лицейдің оқушысы Юлия Ефременконы лайық деп таныды. Қалған аруларға түрлі номинациялар тағайындалып, барлық қатысушылар демеушілердің тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓