Майдангерге үй берілді
Арқалықтың қарт тұрғындарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқай Әбжан ақсақалға қала орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінен үш бөлмелі жайлы пәтер берілді.
Бірнеше орден-медальдардың иесі Тоқай ата бүгінде ғасыржасап, құдай қосқан қосағы Нағима апамен бірге бақытты ғұмыр кешіп отыр.
Қарттарға пәтер – қала әкімі Амантай Балғариннің мұрындық болуымен қала қазынасынан қаржы бөлу арқылы тұрғын үй нарығынан сатылып әперіліп, әрі заманауи жөндеуден өткізіліп берілген.
Тоқай ата 1917 жылы Аманкелді ауданының №12 ауылында дүниеге келген. Екі рет соғысқа қатысқан. Фин соғысынан алған жарақаты жазылмай жатып, неміс басқыншыларына қарсы қолына қайта қару алды. Майданға Аманкелді аудандық әскери комиссариатынан аттанған.
Соғыстан соңғы жылдарда да еңбекке араласып, қашан зейнеткерлікке шыққанша бір тыным таппаған жан.
Қарт майдангердің жаңа қонысқа орналасқан қуанышына ортақтасқан қала әкімінің орынбасары Зәуреш Әлмағанбетова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы, "Нұр Отан" партиясы Арқалық қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Хамзин, қалалық мәслихаттың хатшысы Сабыржан Тасмағанбет, "Арқалық қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбақыт Омаровалар пәтер кілті мен құжатын өз қолдарымен табыстап, жылы лебіздерін білдірді.
МұратЖүнісұлы,
Арқалық қаласы