Жанкелдин ауданы: жетістіктер мен міндеттер

Шалғайдағы Жанкелдин өңірінде негізгі бағыт саналатын – ауыл шаруашылығы саласын серпінді дамыту жөнінен бірқатар ілгерілеушілік бар. Оған жылдың алғашқы сегіз айында өндірілген 7,4 млрд теңгеге жуық (108%) ауыл шаруашылық өнімі дәлел. 3,3 мың тоннадан астам ет, 30,5 мың тоннадан астам сүт өндірілді. Бұдан бөлек мал басын субсидиялау, техникалар жаңалау, цифрландыру, интернетке қосу жұмысын жалғастыру, басқа облыстардан көшіп келушілерді жұмысқа орналастыру, мәдени-рухани саладағы оң өзгерістер бар. Жанкелдин өңірінің сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жайында ауданының әкімі Шота Оспанов өңірлік баспасөз орталығында тілшілермен өткен жиында баяндады.IMG_0698
Қазіргі таңда Торғай дуанының шаруашылықтарындағы Зеңгі баба тұқымы 37,5 мыңнан асып жығылады, қой-ешкі 94 мыңға жақын, 11,3 мыңға тарта жылқы бар. Былтырғы жылға қарағанда мал санының өсімі артқан. Соңғы жылдары аудан шаруалары мал басын ұлғайтып қана қоймай, оны асылдандыру бағытына да бетбұрыс жасаған.
– Биыл «Сыбаға» бағдарламасымен 600 қой, 350 ірі қара алу жоспарланған. Бүгінгі күні 4 шаруа қожалығы барлығы 32,4 млн теңгеге 998 бас қой алды. «Мирас» шаруа қожалығы Ресейден 45 млн теңгеге асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуға құжаттарын тапсырды, қазіргі уақытта құжат мақұлданып, 36 млн теңгеге несие әзірлеп асыл тұқымды 50 бас ірі қара алды. 2 шаруа қожалығы 100 басқа «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на құжаттарын тапсырып, барлығы 73,7 млн теңгеге 102 сиыр малын алды. «Ізтелеуова Г.» және «Рысбеков К.» шаруа қожалықтарының әрқайсысы 30 бас малдан құжаттарын әзірлеп жатыр. Ал мал шаруашылығын дамытуға оң серпін беріп отырған 2019 жылға нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы  бойынша ауданға 87,5 млн теңге несие қаражаты бөлінді. 69,8 млн теңгеге өтініш білдірген 20 үміткердің 15-і 62,5 млн теңгеге жуық несие алып, жұмысын бастады, 5 үміткердің құжаттары қаралу үстінде, – деді Шота Оспанов.IMG_0712
            Сегіз айда негізгі капиталға игерілген инвестиция 410 млн. теңгеге жеткен. Осы мерзімде 323 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,2 млрд теңгеден асты. Республикалық және облыстық бюджет қаражаттары есебінен бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда екен. Биылғы жылы Арқалық-Торғай автожолының жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды, оған 4,5 млрд теңге бөлінген.
– Аудандық маңызы бар Торғай-Шұбалаң-Көкалат автожолының жөндеу жұмыстарына 2019-2020 жылдарға 1,8 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 246,6 млн теңге игеріліп отыр. Қарасу өзенінің бойындағы көпірдің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, аудандық прокуратура ғимараты салынып бітті. Торғай ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта құрылымдауға 448 млн теңге бөлініп, жұмыстар жалғасуда. Нысанды пайдалануға беру қазан айына жоспарланған. Бұл жоба аудан орталығын толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Аққөл, Ахмет Байтұрсынұлы, Қөлқамыс ауылдарын орталықтандырылған су жүйесіне қосу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Биылғы жылы  Қалам-Қарасу, Сарысу ауылдарын таза сумен қамту мақсатында жобалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 8,5 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, – деді аудан әкімі.
 
Қыдырбек Қиысханұлы
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

1 Response

  1. Қойшы Сәрсенкелді айтты:

    Аудан әкімі Шота ініміздің деректері бойынша Қыдырбек Қиысханұлының мақаласын оқып, қарт Торғайдың мәдени және экономикалық дамуында алға басушылығына қуанып қалдым. Бүкіл ғұмыр осы аудан орталығы Торғай қаласында өткендіктен бұл өңір маған өте ыстық. Мен оның гүлденуіне қолдан келгенше аянбай тер төктім. Қайсы бір жылдары көңілге кірбің ұялаған болар, дегенмен жақында 2-3 күн болып, аудан орталығын асықпай жаяу араладым. Көшелерде көркемділік көрініп тұр. Ақтау, сырлау жұмыстарының ізі анық көрінді. Жағымды, жайлы жарнамалар шақырып тұр.Іске сәттен басқа не айтуға болады. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓