Облыстық ақындар айтысы және мүшәйра
Облыстық Марал Ишан мешіті мен ҚМДБ-ның "Зекет" қорының Қостанай облысы бойынша өкілеттілігі және "Нұр-Қазақстан" қажылық компаниясы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бас мүфтиі, хазрет Ержан Маямеровтың бастамасымен "Дін және Дәстүр" тақырыбы аясында Еренғайып Әбдіхалық атындағы жүлде үшін 15 тамызда облыстық ақындар айтысы және мүшәйра өткізілетінін хабарлайды.
Шараның мақсаты: халықтың бойына имандылық қасиеттерді сіңіріп, жүрегіне иман нұрын ұялатып, ақындардың, оның ішінде жас ақындардың да шеберлігін ұштатып, болашақта алысқа самғауға мүмкіндік туғызу. Халқымыздың, әсіресе жастардың арасында поэзия арқылы, ұрпағымыз-ға қасиетті дінімізді уағыздау, дәстүрлі жолды көрсету.
Жарысқа қатысушылардың жасына, ұлтына шек қойылмайды.
Айтыс ақындарына қойылатын талап: Қасиетті құран мен Сүннетке негізделген Әбу-Ханифа мазһабы дін, діл мен дәстүрдің негізі екенін басшылыққа ала отырып, имандылық тақырыбына айтысқа қатысатыны туралы, облыстық қазылар алқасына аудандық мешіт имамдары арқылы хабарлау;
Мүшәйраға қатысушыларға қойылатын талап: ақындар өлеңдерін тамыз айының 10-на дейін жіберулері керек, содан кейін өлеңдер іріктеліп, мүшәйраға қатысуға жолдама алғандарға қай уақытта, қай жерде өтетіні туралы қосымша хабарлама жіберіледі.
Ақындар айтысы алғашында жергілікті жерлерде өткізіліп, жеңімпаздары анықталып, аудандар мен қалаларда іріктеліп, аудан және қалалар арасындағы жеңімпаздардың арасынан айтыстың жеңімпазы облыс бойынша анықталмақ.
Қамтылатын тақырыптар: қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, құндылықтарды насихаттау; шынайы адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негізін қалыптастыру, дамыту және орнықтыру; қоғамға жат әрекеттердің кез келгенімен ымыраласпайтын шынайы азаматтық, отансүйгіштік қасиеттерді, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу; адамдардың санасына құрметтеушілік, төзімділік, конфессияаралық келісім және Қазақстан Республикасы халықтары арасындағы достықты нығайту; ораза, ауызашарда, басқа да діни мерекелерде айтылатын тілектер, туған күнге арналған, соңғы қоңырау сыңғыры, мүшел-мерей той, үйлену тойы, құдалық, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, әскерге шығарып салу, қоныс тойлары және т.б., түрлі қуаныш тақырыптарын жырға қосу.
Ақындар айтысы мен мүшәйра оразадан кейін өткізіледі.
Айтысты өз дәрежесінде өткізу және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылды. Жарысқа қатысамын деушілер өздері туралы анықтамаларды қазылар алқасына тапсырулары тиісті.
Осы шарттарды орындаған жеңімпаз ақындарға Еренғайып Әбдіхалықов атындағы жүлделер табыс етіледі.
Айтыстың бас жүлдесі – 50 мың т., 2-орын – 30 мың т., 3-орын – 25 мың. тенге.
Мүшәйраның бас жүлдесі – 50000 теңге, 2 – орын – 30 мың теңге, 3 орын – 25 000 теңге және ынталандыру сыйлықтары табыс етіледі.
Барлық керекті ақпараттарды 54-66-77, 53-18-37, 87773028686, 87023068412 телефондары арқылы алуға болады.