Ешкімді тексіз демес ем…
"Қостанай таңы" газетінің 2014 жылғы 73-інші санындағы жарияланған Ж.Аязбеков ініміз-дің "Тегің тегін емес" – деген мақаласына орай, менде тек пен тіл туралы, азды-көпті пікір қоссам деген ойдамын. Әрине, жазушылармен, журналистермен таласа алмаймын. Менің бар оқуым, Қамысты ауданы, "Бестау" аралас орта мектебінде қазақша он жылдығын сонау 1961 жылдың 21 маусымында бітірдім. Одан әрі оқымадым. Сонда да осы уақытқа дейін қатарымнан қалмай, жаңалықтың жаршысы болып жүрген жәйім бар.

Ой – біз қазақша сөйлеп кеттік деп, бөркімізді аспанға лақтырып сыртқа айбар көрсетеміз, мақтанамыз, расы солай ма? Жоқ. Бұл дегеніміз өзімізді- өзіміз алдау, өзімізді-өзіміз қорлау. Өз тілімізге өзіміз сатқындық жасау.
Біз тексіз де, тілсіз де халық емеспіз. Біздің тектілігімізді, тілдігімізді бұрын да, қазір де бүкіл әлем танып отыр. Дүние жүзі қазақты мойындап отырғанда, біз өзімізді-өзіміз мойындайық ағайын. Отбасы ошақ қасынан бастап, барлық жерде қазақша сөйлейік – тектілігі-міз осында. Тектілігімізді өзгеге көрсете білейік. Тегімізді танытып, көп байрағымызды желбіретейікші!..
Бірақ, біздің қалада осы қазақша газет оқитындар шамалы. "Немере-шөберелеріңмен неге орысша сөйлесесіңдер?" деп, КСК шағын ауданындағы қарттармен талай рен-жісіп қалғаным бар. Олар маған "қазақ тілінде өзің сөйлей бер, бізде нең бар, осы?" деген. Ал, тегің кім дегенде көбі руының атынан басқаны білмеймін дейтіндер көп, бұған не дерсің, ұқпайтынға айтылған сөз жетім, жетімсіреп қаламын кейде мен. Бәрібір ұлтымыз тексіз емес. Ділімізді де, дінімізді де сіңіре білетін ұрпақ бар. Тегіміз – тілімізде дегенге қосыламын.
Жолдыбай Шәкірұлы,
зейнеткер.
Қостанай қаласы.