Қар тазалау қатаң бақылауға алынбақ
Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов қаладағы қар тазалау жұмыстарының сапасына риза емес. Ол аппарат жиналысында коммуналдық қызмет өкілдеріне ескерту жасады. Әкімнің айтуынша, тас жолдың үстін ғана емес, жаяу жүргіншілер жолын қардан тазартуды ұмыт қалдыруға болмайды. Қар күрт еритіндей болса, көшелер суға толып кететіні анық. Сондықтан пәтер иелері кооперативтері өздеріне бөлінген аумақты ретке келтіруге, тұрғын үй алаптарын қар мен мұздан тазартуға тиісті. Қазірге дейін қала көшелерінен 450 мың текше қар шығарылған.
– Тазалыққа әрқайсысымыз да жауаптымыз. Кез келген мекемеге ғимарат айналасын қардан толық тазарту үшін үш күн уақыт беріледі. Содан соң ескерту қағазы жіберіледі. Ал оған мән бермесе, хаттама толтырылып, әкімшілік жазаға тартылады, – деді Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алексей Тарасов.
Учаскелік полиция инспекторларының сараптама қорытындысына сәйкес, көптеген мекемелер мен кәсіпорындар маңайын қардан тазартпаған. Жергілікті полиция қызметі жыл басынан бері рейд шараларын жүргізе бастады. Осы аптада 4 мекемеге ескерту берілді. Солардың бірі – «АТФБанк» акционерлік қоғамы.
– Ғимарат маңын ретке келтіру жұмысына жауап беретін техникалық қызметшілер бар. Өздеріңіз білетіндей, қардың көп түсуіне байланысты коммуналдық қызмет өкілдері жұмыс көлемін игере алмай жатыр. Қар тазалау бойынша біз мердігерлік ұйыммен келісіп қойдық. Қызметкерлер жақын күндері келіп, қар шығаруы тиіс. – деді «АТФБанк» АО облыстық филиалының директоры Елена Трохименко.
Жергілікті полиция қызметкері егер апта аяғына дейін ғимараттың жан-жағы қардан тазармаса, хаттама толтыратынын ескертті. Оның айтуынша, санкцияға сәйкес, жеке тұлғаларға салынатын айыппұл көлемі – 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік немесе түрлі ұйым субъектілеріне – 30 АЕК.
Еске салайық, мұның алдында полицейлер жол жиектеріне қойылған машиналардың қар тазалаушы техникаларға кедергі келтіріп жатқанын хабарлаған еді.
Қасқырбай Қойшыманов
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков