Саяси науқанның маңызы қандай?


Конституциялық референдумды өткізуге санаулы уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қарамай, белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Маңызды шешім бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.
Парламент депутаттары Әлия Сапарова, Екатерина Смышляева, Самат Ақышевтер республика бойынша өткізілетін референдумды түсіндіру бойынша өңірімізге келіп, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Мақсат – Конституциялық референдумның маңыздылығын түсіндіру. Осы уақытқа дейін жергілікті мәслихат әкімдіктің ығына жығылып келген. Енді аудандық, облыстық және қалалық деңгейдегі сайланатын депутаттардың орнына қоғамдық-саяси мәселелерге өзінің айтары бар азаматтардың келуі қалыптасқалы жатыр. Депутаттар жас әріптестерімен де кездесті.

Конституциялық реформаның нәтижесінде биліктің заң шығарушы тармағы айтарлықтай өзгереді. Соның арқасында Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы Сенатқа беріледі. Оның саны 9-дан 5 депутатқа қысқарады. Соған сәйкес Мәж іліс депутаттарының жалпы саны 107-ден 98-ге азаяды.

 – Президент жариялап отырған референдум төңірегінде конституцияға енгізілетін өзгерістер қызу талқыланатын болады. Осы күндері Мәжілістің барлық депутаттары аймақтарға шығып, кездесулер ұйымдастырып келеді. Өзіміз де әріптестерімізбен бірге Қостанай облысына келіп, көптеген аудандарды аралап, ауыл тұрғындарымен, жалпы әр саладағы адамдармен кездесу өткіздік. Осы жолға кездесулерде халықтың референдум неге өтейін деп жатыр деген қызығушылығы басым. Конституциялық реформа бойынша Ата Заңның 33 бабына өзгертулер енгізілмек. Айталық, Президенттің Үкіметке, министрліктерге, жергілікті атқарушы органдарға өкілеттілігін беру, облыс әкімдерінің тағайындалу мәселесі, – деді Ә.Сапарова.  


Реформалардың ішінде мажоритарлы жүйе, тек партиялық тізіммен ғана емес, әр өңірдің өзінің өкілі деген сөз. Бұл бұқара арасында ерекше қызығушылық танытып отыр. Әзірге 70 % пайызы – партиялық, 30 пайызы – мажоритарлық тізім. Жеке өзін-өзі ұсыну да бар. Ол кез келген ел азаматына мүмкіндік береді деген сөз.
– Алдағы референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланысты емес, ол тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн деп ойлаймын. Өйткені, қоғам арасындағы күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселелер көбейіп кетті. Сол себепті, Мемлекет басшысы сөзден гөрі іске баса назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешімдер қабылдап отырғаны анық. Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс, – дейді Е.Смышляева.

Айта кету керек, 1995 жылдан бері елімізде референдум өткізілген емес. Осы жылдар ішінде референдум шақыратындай да жағдайлар болды. Төрт рет конституция өзгерді, бірақ барлығы Парламент арқылы шешіліп келген еді.
 
 
 
 
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 
 
 
 
 
 
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓