Білім саласындағы былық
Рудный қаласының прокуроры Алмат Исағұлов баспасөз конференциясын ұйымдастырып, өткен жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Прокуратура өкілдері былтыр білім беру саласындағы біраз былықтың басын ашқан. Нәтижесінде жоғары білім туралы жалған дипломмен №15 орта мектепте жұмыс істеген 3 мұғалім анықталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ оқушылардың ыстық тамағын ұйымдастыру туралы келісім-шарт мерзімдерін ұзарту кезінде білім тізгінін ұстаған лауазымды тұлғалар заңнаманы дұрыс түсінбей, мектептегі балалардың ыстық тамақпен қамтылуын уақытша болса да заңсыз шектеген. Осыған орай, 19 мектеп басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Балабақша мәселесінде де шикіліктер жоқ емес.
– 2016 жылы қала тұрғындары балабақшадағы кезек мәселесін қозғап, бірнеше рет прокуратураға арызданды. Біз, өз кезегінде, арнайы тексеріс жүргізіп, балаларды мектепке дейінгі мекемелерге кезектен тыс орналастыру бойынша 85 фактіні анықтадық. Рудный қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Ольга Кононенко осы қылмысы үшін қызметінен босатылды. Себебі ол мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін әрекет жасады, – деді Алмат Серікбайұлы.
Бұнымен қоса прокурорлық тексеріс кезінде қаладағы 5 жекеменшік балабақша өкілетті органдардың рұхсатынсыз жұмыс істеп келгенді белгілі болды. Баспасөз конференциясында қоғамда белең алған суицид мәселесі де сөз болды.
– Рудный қаласында 2015 жылы өз-өзіне қол жұмсаушылардың қатары 2014 жылға қарағанда өсті. Сондықтан біз кідірместен мониторинг жүргізіп, суицидтік әрекеттерге насихаттайтын әлеуметтік желілер мен сайттарды анықтадық. Осы туралы ақпаратты біз облыстық прокуратураға, ал ол ҚР Бас прокуратурасына жіберіп, нәтижесінде 86 сайттың жұмысын тоқтаттық. Алайда мұндай әлеуметтік желілілердің әрекетін түгелдей жоюға мүмкін болмай отыр. Себебі біреуін жапсаң, басқа үшеуі пайда болады және олардың мекенжайының дені шетелде тіркелген, – деді прокурор.
Кездесу барысында қаламыздың қылмыс статистикасы туралы да біраз мағлұматтар берілді. Мәселен, 2016 жылы жасалынған қылмыстар саны 2015 жылғыға қарағанда 11 пайызға төмендеген. Соның ішінде, әдейі кісі өлтіру фактісі 30, қарақшылық 25, алаяқтық 64 пайызға азайса, көлік ұрлаушылардың саны да 40 пайызға төмендеген. Дегенмен босаңсуға болмайды. Прокуратура өкілдері елдегі қиын экономикалық жағдайға байланысты қылмыстар мен алаяқтық іс-әрекеттердің жаңа түрлері де пайда болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сондықтан, қала тұрғындарын белгісіз тұлғалардың сөзіне ермей, өз мүлкіне сақтықпен қарауға шақырады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ