Ауылшаруашылығына жаңаша бетбұрыс
Елбасының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, еліміздің барлық аймағында ауылшаруашылығы кооперативтерін құру бойынша түсіндіру жұмыстары басталды.
Мемлекет басшысы өндірістік кооперативтерін құру және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар тапсырма берген болатын. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін министрлік тарапынан арнайы топ жасақталған еді. Ондағы мақсат – Қазақстанның әр өңіріне барып, жергілікті халықты жаңа жобамен таныстыру. Жасақталған топ Қостанай жеріне де келіп жетті.
Биыл Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында АӨК дамыту үшін мал шаруашылығы өнімдерін субсидиялаудың жаңа бағыттары қарастырылған. Олар: сүт өндіру, бұқалар мен қозыларды бордақылау және құрама жемнің арзандатылуы. Негізінен, АӨК субсидиялау бойынша 1 бұқаға – 20 мың теңге, қозыға – 1,5 мың теңге, 1 литр сүтке – 10 теңге.
Қостанай облысы бойынша биыл 6 сүт қабылдау пункті, 683 бордақылау алаңы, 17 азық цехын құру және мал соятын 7 орын ашу жоспарланған.
Астанадан келген түсіндіру тобы Алтынсарин ауданындағы "Танабай-2016" АӨК-нің алғашқы қадамдарымен танысты.
Бұл кооператив 2016 жылы құрылған. Құрамында "Аскярова Г.А." шаруа қожалығы мен Таңабай ауылының жеке мал ұстаушылары бар. АӨК төрағасы Эмиль Исмайлов сүт өніміне бет бұрып отыр. Ол үшін "Бірлік" мемлекеттік бағдарламасы арқылы сүт салқындататын танкер мен 6 пайыздық мөлшерлемемен несиеге сүт тасушы жүк көлігін де алған.
Биыл жоспар – күніне 4 тонна сүт алу. Содан кейін дайын өнім "Лидер-2" ЖШС-не литріне 80 теңгеден тапсырылады.