Шаңғы шеберінің арманы
Қостанай теміржол вокзалында спорт сүйер қауым Алматы Универсиадасының «күміс» жүлдегері Виталий Пухкалоны ыстық ықылыспен қарсы алды. Сондай-ақ, баспасөз мәжілісіне облыстық спорт басқармасының, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ өкілдері, жаттықтырушылар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Жеңімпазға тиісті деңгейде құрмет көрсетілді. Жанкүйерлері игі лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын жасады.
Еске салайық, Алматыда өткен қысқы Универсиадада құрамында Сергей Малышев, Виталий Пухкало, Ринат Мухин және Олжас Климин бар Қазақстан күмісті еншіледі. Олар 7,5 шақырымдық командалық эстафетада ресейліктерге небәрі 1,8 секундқа жол берді. Чехтар үздік үштікті қорытындылады.
– Виталий бұл сынға тыңғылықты дайындалды, – деді шаңғышының бапкері Виктор Завялов. – Жаттығу жұмыстарын Қостанайда өткіздік. Басты міндет елге медаль әкелу-тін. Оны орындадық.
л Виталийдің айтуынша, оған жекелей сында жүгіру қиынға соққан.
– Жарыс өте тартысты өтті. Маған сеніп, Универсиадаға қатысуыма қол ұшын созған жаттықтырушыларыма, жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Эстафеталық жарыста өзіме жүктелген сенімді ақтадым деп олаймын. Менімен әлем чемпионы, атақты Валерий Гонтарь жүгірді. Әрине, оның тәжірибесі де мол. Жекелей жүгіруде жеңіс тұғырынан көрінуге болатын еді. Алайда, сәл күшім жетпей қалды. Бір жағынан, қобалжу да болды. Арманым – әлемдік додаларда жеңіске жетіп, елдің атын таныту, – деді спортшы.
Виталий Пухкало – шаңғымен жүгіруден Қазақстан Республикасының спорт шебері, шаңғы жарыстарынан ҚР бірнеше дүркін чемпионы. Оның қоржынында құрлықаралық кубоктің күміс «жүлдесі» де бар. Енді оның мақсаты – Әлем кубогі кезеңінен өту. Ол 22 ақпаннан бастап, 5 наурызға дейін созылады. Жарыс Финляндияның Лахти қаласында өтеді. Виталийдің айтуынша, дайындық алдағы аптада басталмақ.