Аялдама заңсыз басып алынды

Рудныйлық таксилер балалар ауруханасының жанындағы автобус аялдамасын заңсыз басып алған. Редакциямызға хабарласқан қала тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Айтуларынша, арнайы жол белгісіне қарамастан такси жүргізушілері онсыз да тар көшені тарылтып, автобустың аялдауына мүмкіндік бермейтін көрінеді. Біз аталған мәселе бойынша аурухана қалашығы орналасқан Жантеміров көшесіне барып, мән-жайды анықтап қайттық.5
Өткен жылы қала әкімі Бақытжан Ғаязовтың ел алдындағы есеп беру кездесуінде рудныйлықтар Жантеміров көшесіне автобус маршрутын қою туралы мәселені көтерген болатын. Жергілікті билік халықтың өтінішін жерге тастамай, көп ұзамай осы көшемен жүретін №47 автобус маршрутын іске қосты. Ауруханалардың алдына жұртқа қолайлы етіп арнайы жол белгілерін де орнатты. Бірақ бүгінде бұған пысқырып жатқан көлік жүргізушілері жоқ. Қысқы мезгілде жолдың мұз басып, көктайғаққа айналуы жағдайды ушықтыра түсуде. Тек «Транс-Экспресс-Сервис» ЖШС тәжірибелі жүргізушілерінің арқасында апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкін болып отыр.
– Автобус тұрағына такси немесе қала тұрғындары өз көліктерімен келіп, тұрып алады. Таңның атысынан күннің бастысына дейін осы көрініс. Сондықтан жолдың қақ ортасында тоқтап, жолаушыларды түсіріп-мінгізуге тура келеді, – дейді серіктестіктің жүргізушісі Сергей Чипиленко.
Балалар аурухананың дәл алдына автобус тұрағын орнату – табылған ақыл еді. Себебі кішкентай балақайларын сүйрелеген ана үшін бұл өте қолайлы. Әсілінде, қоғамдық көлік кептеліс жасамауы үшін арнайы «карманға» келіп тоқтауы керек. Алайда іс жүзінде барлығы керісінше. Бұл мәселені құқық қорғау органдары білмейді емес. Біледі. Біле тұра жол-көлік ережесін өрексел бұзған пысықайларға тиісті шара қолданбауы түсініксіз.1
Түсініктеме алу үшін таксишілерді сөзге тартқанымда, олар журналист екенімді байқап, бір-екі ауыз сөз айтудан үзілді-кесілді қарсы болды. Кейбірі мен такси емеспін, бала-шағам аурухананың ішінде деп жатты. Дегенмен, бұл жердегі мәселе – жеңіл көліктердің автобус аялдамасында аялдауы ғой. Жол қозғалысы ережелерінің 12.4 тармағына сәйкес, жеңіл көліктерге аялдама алаңдарында және оларға 15 метр жақын жерде тұрақтауға тыйым салынған. Егер ереже бұзылса, 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 11345 теңге көлемінде айыппұл тағылады.
Жантеміров көшесіндегі жол ережесін бұзушыларға қарап, Заңның барлығына ортақ емес екендігін аңғарамыз. Бұл оқиға қашанға дейін жалғасатынын және полицейлер бұған қатысты қашан шара қолданатыны белгісіз болып қала бермек.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓