Фотосуретші
Ардагерлер-абзал жандар
Кешегі, 2010-жылдарға дейін «Қостанай таңы» газетінің фототілшісі болып еңбек еткен Ким Зон Хун ақсақалдың есім-сойын газеттен оқыған сайын таңырқайтынмын. Оның мәнісі мынада еді, Қазақстандағы кәріс ұлты өкілдерінің бәрі орыстың есімдерін иеленген. Ал бұл кісінің аты ерекше! Тіпті, керек десеңіз, кеңестік идеологияның астамшыл пиғылына пысқырып та қарамапты.
-Біз о баста Қытайдан көшіп келдік. Бұл өзі ұзақ әңгіме,-дейді Зон Хун ағам.- Аспан асты елінің тілінде де, дәстүрінде де адам аты екі буынмен түйінделеді. Қазақстанға қоныс аударғанда осы аты-жөнімді сақтап қалуға тырыстым. Шындығын айтқанда, менің арғы аталарым КСРО-ға туыстарын сағалап келген ғой. Сол жылдары Ресейдегі кәріс ұлтының өкілдері жаппай Қазақстанға жер аударыла бастады. Менің әкем де сондай бір алапсапыран шақта Қазақ даласына тап болыпты. Кимдер әулеті Қазақстанға қоныс аударғанда Зон Хунның жасы 13-14-терде. Ол Қостанайда ержетті. Жоғарғы оқу орнына түсті. Студенттік шақта ғаламат желаяқ болған көрінеді. Жүгіргенде мен дегеннің өздері шаң қауып қалатын деп еске алады ардагер-спортшы. 1972 жылы Қостанай мемлекеттік Педогогикалық институтының деншынықтыру және спорт факультетін бітіргеннен кейін, ұстаздарының ұсынысы бойынша оқу орнында спорттан дәріс берді. Осылай жүре бергенде бәлкім, Зон Хуннан мықты спортшы маман шығар ма еді…
Оның бала жастан фотоға әуестігі бар-тын. Олай-былай жүріп тұрғанда, табиғаттың кейбір тылсым көріністерін камерасына сырт еткізіп баса қояды. Қарапайым еңбек адамдарының портретін бейнелеуге көбірек машықтанды. Онысы зая кеткен жоқ. Жергілік басылымдар Зон Хунның түсірген суреттерін аттай қалап алады. Сол кезде Қостанайда жарық көрген жалғыз қазақ тілді басылым – «Коммунизм жолы да» әуесқой фотосуретшінің туындыларын сұратып алатын. Осындай күндердің бірінде басқа емес, қазақ газетінен күтпеген жерден ұсыныс түсе қалмасы бар емес пе!
-1976 жылы мені газеттің бас редакторы Бақытжан аға Жангисин шақыртты. Бізде фототілшілік бір орын бар. Кел де қызметіңе кіріс,-деді. Басқа сөз жоқ. Мен «Қостанай таңына» осылайша келдім. Маған дейін мұнда Төлеген Жайлаубаев фотосуретші боп қызмет істеген. Төлегенді жұрттың бәрі білуге тиіс. Бүгінде белді кәсіпкер. Мүмкін, ол үлкен кәсіпке сол кездің өзінде бел буған шығар… Зон Хун ағаның әңгімесін тыңдай бергің келеді. Әдетінше қарқылдап күліп алады да әңгімені қайта жосылтады. Бойында ешбір жасандылық жоқ. Жасандылығыңыз не, оның бар болмыс-бітімі осы.
Ардагер айтар әңгімесін байыппен жалғай түседі.
-Білесің бе, маған «Қостанай таңы» ерекше ыстық! Азды-көпті отыз төрт жыл уақытым осы қасиетті шаңырақта өтті.Талай жақсы мен жайсаңдарға жанаса жүрдім. Кезінде Қостанайға келген сапарында Димаш Ахметұлын суретке түсірдім. Сонау тоқсаныншы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттікке сайланарда, алғаш рет фотоға түсіргендердің бірімін. Ол кезде Нұрекеңнің шашы қап-қара еді… Ардагер фотосуретші қазақ басылымының қабырғасында жүрген жылдары өңірдің бар фотошежіресін жасап шықты. Оның мұрағатында не жоқ дейсіз?! Ақтылы қой өргізген атақты шопан, күн-түн қатып егістік даласында еңбек еткен механизатор, құрылысшы, сауыншылардың жанкешті еңбегі бейнеленген суреттер, тіпті тауыса алмайсыз.
-Мен Кеңес Одағының батыры Сейітхан Темірбаевпен кереметтей араласып тұрдым. Ол кісі «Казторгте» бухгалтер болып жұмыс істейтін. Сөзге жоқ адам. Өзімен-өзі томаға-тұйық жүреді көбіне,-дейді Зон Хун,- Бірақ, соғыста қандай ерлік көрсетті десеңізші! Тағы бір қостанайлық батыр – Александр Парадовичті де жақсы танимын. Бірнеше рет суретке түсірдім… Негізі, әр түсірген суретің «сөйлеп» тұруы керек. Жансыз фото онша әсер бермейді. Адамды әңгімеге тарта отырып, орайы келгенде камераның түймесін сырт еткізіп үлгерсең болғаны. Қас-қағым сәт қой. Соны ұтымды пайдалана біл.
Әдетте, Зон Хун кезекті бір нысанға барарда журналист іздеп әуре болмайды. Кішігірім сандықша іспетті қара сөмкесін иығына асынып алып, жалғыз тартады. «Қара сандығы» толған асай-мүсей. Қалың блокноты мен қаламсабы жүреді арасында. Кімді түсірсе де, әлгі адамның аты-жөнін, істеген қызметін оймақтай етіп қойын дәптеріне қондыра қояды. Онысы кейін тілшілердің қолынан кесекті дүние боп шығады. Бұл кісі кейде, тіпті, іс-сапарларға да жалғыз шығатын. Көбіне өз көлігімен жүреді. Осындай алыс жол сапарлардың бірінде он сегіз сағат жолда қалып, бір ажалдан аман қалғаны бар.
-Қыстың күні ғой. Елсіз дала. Кенет көлігім сөнді де қалды. Қайта-қайта от алдырамын, қызбайды. Болмағасын кабинада отырдым да қойдым. Жақын маңайда қыбырлаған жан көрінбейді. Әбден сілем қатты. Он сегіз сағат айдалада жату оңай ма?! Бірталай уақытта кейін алыстан мұнартып бірдеңе көрінді. Жүк машинасы екен. Шолақсайдың жігіттері. Мені солар құтқарып қалды. Әлі күнге дейін араласып тұрамын,-дейді ақсақал.
Қазір зейнеткерлікке шықса да, қарап отырмайды. Шығыс медицинасымен айналысады, адам емдейді. Алдына келіп, кетіп жатқан кісілер көп. Жұмыс үстелінің үсті толған түрлі шөптесіндерден жасалған дәрі-дәрмек, ине… Әйтеуір, ол үшін қажетсіз емес зат жоқ. Мына қызықты қараңыз, қария әлі күнге дейін «Қостанай таңын» жаздырып алады. Біз барғанда алдында басылымның кезекті нөмірі жатты.
«Бұл менің газетім,-дейді фотосуретші,- Ішіндегі суреттеріне көз жүгіртемін. Толық түсінбесем де, жазылған мақалаларды бірсыдырғы қарап шығамын. Бойдағы бір әуестік қой. Сенсеңіз, «Қостанай таңын» қимаймын.
Ол қара шаңыраққа ара-тұра соғып, редакциядағы қыз-жігіттермен амандық-саулық сұрасып тұрады. Қалай дегенмен, ұзақ жыл табан аудармай жұмыс істеген ортасы емес пе.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерде: қарт фотосуретші Ким Зон Хун және оның әр жылдары түсірген фотосуреттері.