Ана баласын жазалауды сұрайды
Қостанай қаласында тұратын кейуана тәртіп сақшыларынан өз ұлын қамауға алуды өтініп шағым жазды. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап, "Алау" порталы хабарлады.
Шарасыз ана үйдің берекесін қашырып біткен 39 жастағы ұлын жауапкершілікке тартуды сұрады. Ол туған анасына бейәдеп, былапыт сөздермен балағаттаған.
"2016 жылдың сәуір айында бұл азамат дәл осындай тәртіпсіздігі үшін әкімшілік жазаға тартылған болатын. Алайда бұл оған сабақ болмағанға ұқсайды. Кінәсін мойындамай, тіпті әрекеті үшін өкінбейтінін айтты", – делінген баспасөз қызметі хабарламасында.
Ал анасы "бауыр етіне" мүмкіндігінше тәубесіне түсірер жаза тағайындауды сұрады.
Сот шешімімен жүгенсізге 10 тәулік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.