Аудан болашағы – ерен еңбекте
Қостанай ауданының әкімі Қайрат Ахметов халық алдында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытынды есебін баяндады. Аудан әкімінің есеп беру кездесуіне өңір басшысы Архимед Мұхамбетов келіп қатысқан болатын. Тұрғындар осы сәтті тиімді пайдаланып, көкейде жүрген біраз мәселеге тікелей аймақ басшысанан жауап алды.



Облыстың астық қамбасының біраз бөлігін осы Қостанай ауданы толтыратыны жасырын емес. Былтыр жазғы егістік алқабы 309,6 мың гектарды құрады. Оның 262 мың гектарына немесе 84,6 пайызына дәнді дақылдар, қалған бөлігіне бидай себілген .
Қорыта келе аудан ауылшаруашылық саласынан 2 млрд 225 млн теңге көлемінде субсидия алыпты. Оның 961 млн теңгесі егіншілік шаруашылығына, ал 1 млрд 264 млн теңге мал шаруашылығына берілген.
2010 жылы Қостанай ауданында Индустрияландыру картасы бағдарламасы арқылы 5 инвестициялық жоба пайдалануға берілген болатын. Олардың жалпы құны – 2,8 млрд теңге. Сол арқылы 370-тен жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.

Қазір «Қарасу Ет» ЖШС-ін есептемегенде, қалған төрт жоба нақты бір арнаға түсіп, қуат ала бастады. Ал ет комбинаты уақытша өз жұмысын тоқтатқан болатын. Себебі 2016 жылдың мамыр-қыркүйек айы арасында Ресей Федерациясына ет экспорттау тоқтатылған еді. Бағдарламадан тыс 2,3 млрд теңгінің 11 жоба іске асырылды.
«Нұрлы жол» бағдаралмасы арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды оңалдыру мақсатында Қостанай ауданына 6 жобаны жүзеге асыру үшін 1138, 715 млн теңге бөлініпті. Оның екеуі тұрғын үйге, қалғаны инженерлік инфрақұрылымның құрылысына бағытталған. Бұдан кейін жұртшылық өз сұрақтарын қойып, көптеген мәселе талқыланды. Мысалы, тұрғындар аудан орталығындағы аурухананың нақты бір ғимараты жоқтығын айтып шағымданды. 1999 жылдан бастап әр жерді жалға алып келеді. Тек бір жылдың өзінде жалдау құны 86 млн теңгеден асып кеткен. Бұл сауалға облыс әкімі жаңа аурухананың құрылысы әзір жоспарда жоқ, ал жуық арада жаңа емхана бой көтеруі әбден мүмкін дейді.




Жиын соңында облыс әкімі әр сауалға жеке-жеке жауап беріп, Қостанай ауданының әлеуеті мен болашақ жоспарын атап өтті.
-Болашақта Затобол кенті Қостанай қаласының серігіне айналады. Аудан үлкен, әлеуеті де зор. Бизнесті дамытуға қаржы әрқашан табылады, тек талмай еңбек етуіміз керек. Ең бастысы, инвсеторлар мен қолайлы нарықты табу қажет. Қазақстанда өндірілген, соның ішінде Қостанай өнімі шет ел асып, танымал болатындай жұмыс істеу керек,-деді Архимед Мұахамбетов.
Сондай-ақ, өңір басшысы: «2017 жыл – жол жөндеу жылы» деп атап өтті. Бұл тек аталған ауданға ғана қатысты емес, тұтастай облыстың ұстанымы болмақ.



Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.
Қостанай ауданы.