«Рухани жаңғыру» бағдарламасын қалай түсінеміз?
Қостанайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі әдістемелік семинар өтті. Іс-шараны облыстық ішкі саясат басқармасы мен «ЖасStar» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған болатын.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы былтырғы жылы сәуір айында жарияланған болатын. Сол уақыттан бастап мақалада айтылған әр бағыт бойынша жұмыстар жүргізілді. Атқарылған ауқымды іс-шаралар туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бибігүл Аққожина баяндама жасады.
Естеріңізде болса былтырғы жылы өңірімізде тарихи тұлғаларды дәріптеуге арналған көптеген маңызды оқиғалар орын алды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Кейкі батыр кесенесі бой көтеріп, Қостанай қаласында Шақшақ Жәнібектің еңселі ескерткіші салынды. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің мавзолейі де аталған бағдарламаның аясында қайта жөндеуден өткен болатын. Осы тектес игі іс-шараларды мысалға келтіріп айта берсек толып жатыр. Басқарма басшысы Бибігүл Бүркітқызы өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын халыққа ақпараттандыру, насихаттау жұмыстары аяқталды. Бұдан былай әр азамат өлкенің тарихын зерттеп, зерделеп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңдіруге ұмтылуы керектігін айтты. Елбасы айтқандай, біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуді өзімізден бастауымыз керек-ақ. Рухани жаңғыру дегеніміз – осы. Бұл семинарға Астана қаласынан келген меймандар қатысып, «Рухани қазына» кіші бағдарламасының мән-мазмұнын тереңірек түсіндірді. – «Рухани жаңғыру» – қазақ халқы көптен күткен бағдарлама. Мұның стратегиялық үлкен мәні бар. Тарихи, мәдени, әдеби құндылықтарымызды қайтадан насихаттау, жарыққа шығару, оны жаңа заманауи форматқа негіздеу біздің мақсатымыз. Қазақ халқының мәдениетін әлемдік дәрежеге шығару үшін жасалған жоба,-деді «Рухани қазына» кіші бағдарламасының менеджері Шерхан Талапов.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.