Мәңгі жұлдыз

Бейімбет Майлиннің 120 жылдығына
 
"Қостанай таңы" жыр мүшәйрасының жеңімпаздары
Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлық
Жолбарыс қажы Баязид,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қостанай қаласының құрметті азаматы.
 
1111
 
 
 
Тағзым етіп ақ шыңдары таулардың,
Бүгін ақын аруағы аунар күн.
Ұлы әділет көкке өрлеп,
Тозақта –
Өрт шалар күн кебіндерін жаулардың!
 
Қатты айтылған сөз екен деп сөкпеңіз,
Ойлап көрсек – көп қасірет өткен із!
Асылдары қырылмаса қазақтың
Әлдеқашан самғар ма едік көкке біз.
 
Қилы нәубет, көрді ел-жұрт мол қайғы,
Өкініштің орны қайтіп толмайды.
Ойран салған большевиктер болмаса
Әлем болып көрмес еді ондайды!
 
Жете алмаған аңыз-арман ол – бағың,
Жайқалмады желек атып арманың.
Сұм заманда қасіретті күн кешіп,
Дала мұңнан айықса-ау деп толғадың.
 
Көре алмадың еркіндіктің дидарын,
Көре алмадың елдің құрмет, сыйларын.
Көрдің, бірақ, жауыз билік қылмысын –
Жақсыларды жазалауға қиғанын.
 
Еңсе езіліп, күйі кетті елдің де,
Күш-жігері құмға сіңді ердің де!
Түрме-қоғам тозағында күн кешкен
Шегі жоқ еді ақын жұтқан шердің де!
 
Түнек заман құрбаны боп өткенмен,
Қастерлейді ел рухыңды оған кектенген.
Жүз жиырмаға келгеніңді тойлауда
Туған жұртың еркіндікке жеткенде!
 
Азаттықты көріп елің, халқың да,
Озды ілгері ұлы дүние сапында.
Әлем жұрты қадір тұтып қазақты,
Ардақталып аталып жүр атың да!
 
Елге бүгін ылди да сын, өр де сын,
Тәңірі қолдап ұрпақ, ұлан өрлесін.
Қанды октябрь қайта оралып тарихта
Еш адамзат ылаң ғасыр көрмесін!
 
Дала жұрты ар, намыспен бір туды,
Қасиеті жоғалмайды бұл тудың!
Қазақ деген айдын дүние, ел барда
Жасай бермек құдірет, күші рухыңның!

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓