Жаңа жоба қолға алынады
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өткен жиында «Еңбек» бағдарламасы талқыланды. Жиын барысында бағдарламаны жүзеге асырудың төрт бағыты бойынша 2019 жылы атқарылған шаралар қорытындыланып, 2020 жылға арналған жаңа міндеттер айқындалды.
Былтыр өңірде «Еңбек» бағдарламасы аясында 32 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылған. Жалпы саны 22,5 мың адам жұмыспен қамтылып, оның 17 мыңға жуығы тұрақты жұмыс тапқан. 4 мыңнан астам адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша білім алып, 769 тұрғын жаңа бизнес бастамаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант қаржысына қол жеткізген. Мыңға жуық адам жеке кәсіп ашып, бизнесін кеңейту мақсатында несие алған.
2020 жылы бағдарламаға бірқатар өзгерістер еніп отыр. Ең бастысы, биыл «Еңбек» бағдарламасына бөлінетін қаржы көлемі едәуір өсті. Мысалы, былтыр аталмыш бағдарлама бойынша облыста 7,6 млрд теңге игерілсе, биыл бұл мақсатқа 8,4 млрд теңге қарастырылған. Мұның сыртында, биылғы «Еңбек» бағдарламасы бойынша көп балалы аналарды кәсіпке тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кадр даярлау мәселесі де қолға алынбақ. Жұмыс берушінің өтініші бойынша кәсіби білім беруді ұйымдастыру барысында 4 тарапты әлеуметтік келісімшарт жасалатын болады. Бұл құжат тараптарға нақты әрі жауапты міндеттер жүктейді. Егер мемлекеттің оқуға бөлген қаржысы тиімсіз жұмсалатын болса, желге ұшқан ақша жұмыс беруші мен бағдарламаға қатысушыдан қай өндіріліп алынатын болады.
«Еңбек» бағдарламасына қатысты тағы бір жаңалық, биылдан бастап нарықта сұранысқа ие мамандықтарды оқыту үшін азаматтарға мақсатты ваучер ұсыну қарастырылған. Бұл құнды қағаз талапкерлерге өзі білім алғысы келетін оқу ошағын, білім мазмұны мен мерзімін таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, білім алуға, шәкіртақыға, материалдық көмекке, адамның жүріс-тұрысы мен жатын-орнына, тіпті медициналық тексеруден өтуіне дейін жұмсалатын шығынның барлығын ваучер көтеріп алады.
Бұған дейін көп балалы отбасылар мен аз қамтылған отбасы мүшелеріне берілетін жеңілдетілген несие мерзімі 5 жыл болып келсе, биылдан бастап бұл 7 жылға дейін ұзарды. Бұл санатағы азаматтар 4% өсімпұлмен 21 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып шыққан көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне олар әрі қарай кәсібін дөңгелетіп әкеткенше, 18 айға дейін бақылауда болып, демеу көрсетіледі.
Мұның сыртында, биылдан бастап жастарға арналған «Бірінші жұмыс орны» деп аталатын тың жоба қолға алынды. Жаңа жоба жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және жұмыс тәжірбиесі жоқ азаматтардың алғашқы жұмыс орнына тез бейімделіп кетуін көздейді. Яғни, жұмыс беруші еңбекпен қамту орталығымен келісім-шарт жасасып, осы құжат негізінде «Еңбек» бағдарламасына қатысушының бірін тұрақты жұмысқа алады. Одан кейін орталық бағдарламаға қатысушының еңбекақысына 53 мың теңге көлемінде субсидия төлейді.
«Еңбек» бағдарламасы аясында қолға алынған жаңа жобаның бірі «Ұрпақтар келісімі» деп аталады. Бұл жоба бойынша жұмыс беруші бағдарламаға қатысушыны 1 жарым жылдық мерзімге жұмысқа алады. Ол осы 1 жарым жыл ішінде зейнет демалысына кететін жұмысшының орнына тұрақтап қалуы тиіс. Бұл жерде де жобаға қатысушының еңбекақысына Жұмыспен қамту орталығы 53 мың теңге көлемінде субсидия төлейді.
Нұрқанат Құлабаев