Сұлулар түсті сайысқа
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы мен «Наш Костанай» газетінің ұйымдастыруымен бесінші рет дәстүрге айналған «Мисс Этно-Қостанай 2018» байқауы өтті.
Қазақстан халқының бірлігін насихаттауды мақсат тұтқан сайысқа он бір қатысушы іріктеліп алынды. Олар сəн үлгілерін көрсетумен қатар шығармашылық, өнер-білім кезеңдерінде сынға түсті. Биылғы байқау жылдағыдан ерекше. Атап айтар болсақ, сұлулық сайысы облыстық мәртебеге ие болды. Осыған сай бұған Жітіқара, Рудный секілді қалалардың арулары қатысты.
Жеңімпаздарға берілетін жүлде қоры да қомақтыланыпты. Оны облыстық мәдениет басқармасының бөлгенін айта кеткен жөн.
Қазан айының басында ақтық сынға жолдама алған арулардың арасында жеребе тартылып, сахнада сомдайтын ұлттық образдары айқындалды. Дайындық барысында сұлулар бірнеше сынақтардан өтіп, фотосессия жасаған.
Сондай-ақ, ақтық мәреде бақ сынайтын қатысушылар балалар үйлерінде болып, қайырымдылық шараларын өткізіп, түрлі ұлттардың тағамдарын дайындап өзара сынға түсті. Ақтық мәреге жолдама алған 11 ару төрт кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындады: өздері туралы бейнежазбаларын көрсетіп, шығармашылық сайысқа түсті. Интеллектуалдық кезеңнен өтіп, Астананың 20 жылдығына орайластырылған қорытынды сайыста көйлек көрмесін ұйымдастырды.
Байқау жеңімпаздарын арнайы бекітілген қазылар алқасы анықтады. Олардың құрамында облыстық басқарманың өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жобаның әріптестері болды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын және «Мисс Этно» тәжі (300 000 теңге) кәріс ұлтын таныстырған Елена Тюринаға берілді.
Бірінші вице-мисс (150 000 теңге) отанымыз Қазақстанды таныстыру құрметіне ие болған Анастасия Серіковаға табыс етілді.
Екінші вице-мисс атағы Жітіқара қаласының қатысушысы, Украина елін таныстырған Венера Өмірзақоваға бұйырды. Ол 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Түрік елін таныстырған әріптесіміз Жұлдыз Бермағамбетова, «Мисс Грация» номинациясын иеленді.
Әсел Қибаш
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков