Жұмасқалиев мансабын аяқтады

Қазақ футболының аңызы, ел чемпионы. Қазақстан кубогының иегері Нұрбол Жұмасқалиев футболшы мансабын аяқтады. Бұл туралы «Тобыл» командасын марапаттау рәсімінде белгілі болды.
Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында «Тобыл» өз алаңында «Қызыл-Жар СК» командасын 3:0 есебімен жеңді. Бұл ойында Нұрболдың да нәтижелі соққымен көзге түскенін айта кету керек. Сонымен қатар ол бір Максим Фединнің гол соғуына да мүмкіндік жасады.
CrB2fJh-anA
Облыстық филармониядағы салтанатты шара кезінде Нұрбол Жұмасқалиев өзінің соңғы футбол маусымын өткізгенін мәлім етті.
– Бүгін облыс футболы үшін, жанкүйерлер үшін ерекше күн. Алдымен, қостанайлық футболшылардың атынан облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке бізге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіргім келеді. Жанкүйерлерге ықыласым шексіз, алдағы уақытта олар біздің стадионды қуанышқа толтыратынына сенемін. Әріптестеріме де рахмет. Сіздермен бірге ойнағаныма ризамын. Бүгін мен футбол мансабымдағы соңғы ойынға шықтым, – деді Нұрбол Жұмасқалиев.
Футболшы келесі жылғы маусым алдында қоштасу матчын өткізетінін айтты. Оған Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Сейілдә Байшақов Жұмасқалиевке қазақ футболына сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, естелік сыйлық тапсырды.
Нұрбол Жұмасқалиев 1981 жылғы 11 мамырда Орал қаласында дүниеге келген. Футболшылық мансабын 1998 жылы Оралдың «Нарын» командасы сапында бастады. 1999-2000 жылдарда Талдықорғанның «Жетісу» клубында ойын көрсетсе, 2000-2010 жылдарда Қостанайдың «Тобылының» жейдесін киді. Ал 2011-2012 жылдарда Астананың «Локомотивінде» доп тепсе, одан кейін төрт жыл бойы қайтадан «Тобылдың» намысын қорғады. 2017 жылы Павлодардың «Ертісінде» 7 ойын өткізіп қайтқанымен, сол жылы «Тобылға» қайта келді.
Нұрбол – Қазақстан чемпионатының барлық уақыттағы ең үздік шабуылшысы. Оның еншісінде 167 гол бар. Ол ойын өткізу бойынша да ең үздік. Ел чемпионатында 523 кездесуге қатысқан.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓