Сүбелі сөз сараланған сайыс (БЕЙНЕШОЛУ)
Бүгін Қостанайда Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда "Тәуелсіздікке арнау: Мәңгілік ел жастары жырлайды" аймақтық жас ақындар айтысы өтті. Дүбірлі додаға Қостанай облысынан бөлек, Қарағанды, Семей, Павлодар, Орал және Астана қалаларынан барлығы 10 ақын қатысты. Есімдері елге енді таныла бастаған жастардың өлең сайысын тамашалауға жиылған жұрттың қатары қалың. Алғашқы жұптың өнерінен-ақ қиқуға басып, қошеметтерін аямай отырды. Жұрттың ұлттық өнерге сусындамағалы көп уақыт болғанын аңғару қиын емес-тін.
Ақындар да есті сөз, тұщымды ой, тіні берік теңеулер төгілдіре алды. "Мың сөзден мығым бірін айта білген" арқалықтық Батырлан Сағынтаевты, Семейден келген Серік Қуанғанды, павлодарлық Нұрқанат Қайратты ерекше атай өткен жөн. Қарағандылық сері Нұрмұхаммед Байсүгіров әр сөзін әдемі әзілмен әрлеп, тапқырлық танытып, көрермендердің ерекше қошеметіне бөленді. Қайролла Хафиздің де есте қалар сөздері болды. Қостанайдың намысын қорғай шыққан ақындар ішіндегі жалғыз қыз Нәрия Ақбабаны да әлеуметті айырықша тәнті еткендердің қатарынан көре алдық.
Екі айналыммен өткен айтысқа Әсия Беркенова, Ғұмар Ахметчин, Нағашыбай Мұқатов, Әлпия Орманшина және Абылай Мауданов қазылық жасады. Ал кешті белгілі айтыскер Марғұлан Оспанов жүргізіп отырды. Сонымен, қорытындысында бас жүлдеге қостанайлық Нәрия Ақбаба лайық деп танылып, 500 мың теңге иеленді.
1-орын – Павлодардан келген Нұрқанат Қайратта. Оның қоржынында – 250 мың теңге. 2-орын алып, 200 мың теңгемен семейлік Серік Қуанған қанжыға майлады. 3-орын мен 100 мың теңге ақшалай сыйлық арқалықтық Батырлан Сағынтайға табыс етілді.
Ы.Алтынсарин атындағы арнайы жүлде, яғни 80 мың теңге Қарағандыдан келген Нұрмұхаммед Байсүгіровке бұйырды. Дәл осындай А.Байтұрсынов атындағы арнайы сыйлыққа арқалықтық Қайролла Хафиз ие болды. Нұрсұлтан Қасым, Айбар Рағатов, Бекболат Қаленов, Ернұр Әуезхан 30 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Осынау ауқымы кең, жүлде қоры бай жас ақындар айтысының биік деңгейде өтуіне мұрындық болған облыстық мәдениет басқармасын ерекше атап өту керек.
Материалды толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Керемет!!! Жүлделерің құтты болсын!
Оте керемет айтыс!!! Маган оте унады!!!!)
Кушти айтыс болган екен!!! Маган да оте унады!!!)
Айбек Қалиевтің шәкірттері жарайсыңдар! Басқа облыстан келген ақындардан еш олқы болмады. Жалпы Қостанайда ақындар айтысы жиі өткізілуі керек.
Қостанай жерінде өнегелі ұрпақ тәрбиелейтін айтыстар көп болсын. Айтыскерлерге мың алғыс!