Жемқор кассир құрықталды
Қостанай облысында коммуналдық кәсіпорын кассашы 4 млн теңгеге жуық қаражатты жымқырғаны үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.Қостанай аудандық сотына ҚР ҚК 189-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) айыпталып отырған 42 жастағы азаматша Ф-ға қатысты қылмыстық іс түсті. Айыпталушы «Қостанай ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-не қарасты «Затобол жылу-энергия компаниясы» КМК-да кассир болып жұмыс істеген. Іс материалдары бойынша, Ф. өз лауазымын пайдаланып 2016 жылдың ақпанында жұмыс орнынан 921 000 теңгені заңсыз иемденген. Бұл қаражатты ол өз отбасына қажетті заттарға және жұбайына дәрі-дәрмек алуға жұмсаған. Сәуірде тағы да 950 000 теңге жымқырған кассашы ол ақшаны үйді заңдастыруға кеткен шығынды және құрлыс салдарынан қордаланған қарыздарын өтеуге жұмсаған. Кейін, маусым айында Ф. кассадан тағы да 940 000 теңге алып отбасы мүшелерін емдетуге, тамызда 970 000 теңге иемденіп оны балаларының білім алуына шығындаған. Азаматша Ф-ның заңсыз әрекеті салдарынан коммуналдық кәсіпорынға 3 млн 781 мың теңге материалдық залал келген. Іс бойынша басты сот отырысы 30 қаңтарда сағат 10.00-де болады.