Туды таптаушы табылды
ҚР туын қоқысқа тастады деп айыпталған тазалаушы азаматша 2 жылға бас еркінен айырылуы мүмкін. Ал ол бұл әрекетін қасақана жасамағанын, рәміздің абыройын аяқ асты ететін ойының болмағанын айтады.
Естеріңізге салайық, 4 қараша күні Қостанай қаласында Халыққа қызмет көрсету орталығы мен "Сұлтан" спорт кешенінің қуысындағы қоқыс контейнерінен мемлекеттік ту табылған еді. Оны алғаш көргендер бірден 102 пультіне хабарлаған. Тәртіп сақшылары көп ұзатпай кінәліні тапты. Ол "Сұлтан" спорт кешенінің тазалықшысы болып шықты.
"Жаттығу залын жинап жүріп, бүктеулі тұрған туды көреді. Жайғанында рәміздің бірталай бүлінгенін, сырдың, дақтардың ізі барын көріп, жарамсыз деп ойлап, өзге қоқыстармен қоса тысқа шығарып тастаған", – дейді қалалық ІІБ басшысының орынбасары Нұрлан Арыстанов.
Мемлекеттік туды тулақ құрлы көрмегені үшін азаматша 2000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дей тұрғанмен, бұл жазалар тәртіп сақшылары айыптының кінәсін толығымен дәлелдеп бере алған жағдайда қолданылады.
Әзірге, полицейлер туды қалалық әкімдік қызметкерлеріне табыстады. Ережеге бойынша, стандартқа сай келмейтін мемлекеттік символды жою арнайы комиссияның шешімінен соң және акт толтырылғаннан кейін мүмкін болады.