Ниязбек Шайсұлтанов: «Дәлізде тұрып, актер атандым»
Жылдың алғашқы күндерінен еліміздің барлық кинотетрларында жазушы І.Есенберлиннің романының желісімен – «Алмас қылыш» көркем фильмінің тұсаукесері өтуде. Ауқымды тарихи жобаның негізгі авторы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, ал режиссері Рүстем Әбдіраш.
Көркем туындыға жүзден астам актер қатысқан болса, сол шығармашылық ұжымдағы басты рөлдердің бірі – атақты Әбілқайыр ханның немересі Шах-Мұхаммед ханзаданың бейнесін біздің жерлесіміз Ниязбек Шайсұлтанов сомдады. Күні кеше елге қыдырып келген жас талантпен редакциямызда бір-екі ауыз тілдесудің сәті түсті.– Ниязбек, зор шаруаның ортасынан келдің, құтты болсын айтайық! Үлкен кинотуындыдан өзіңді көріп қуанып қалдық. Бұған дейін көңілді тапқырлар клубында (Жайдарман) ойнап жүруші едің. Енді, міне, бір-ақ күнде актер атанып, елге танылдың. Осы үлкен жобаға қалай тап болғаныңды білгіміз келіп отыр.
– Рас, бала кезден Жайдарманда ойнап жүрсем де, арманым актер болу еді. Мектеп бітірдім, жоғары оқуға түссем де, жергілікті театр актерлерінен сахна, кино алаңының қыр-сыры жайында ақыл-кеңес сұрап жүрдім. Қызығушылығым сондай күшті болды. Бірақ дәл бүгін-ертең киноға түсемін деген ой болған жоқ. Бір күні арман қуып Алматыға кеттім. Бұл 2013 жыл болатын. Сонда жүргенде Қазақ хандығы жайында фильм түсірілетіні жария болды. Соған актерлерді іріктеу жүріп жатқан кез. Мен кастингтерді араладым.
Бірде киностудияның дәлізінде келе жатыр едім, Рүстем Әбдіраш ағамыз қасында фотосуретшісі бар қарсы алдымнан келе жатып, маған қарап тұрып қалды. Қарап тұрып, «Шах-Мұхаммед!» деді. Қасындағы суретке тартушыға «Түсір, түсір!» деп тұр. Мен аң-таңмын, мына кісі қайдағы Шах-Мұхаммедті айтып тұр деп. «Мынау Әбілқайырдың немересі Шах-Мұхаммед!» дейді қайта-қайта. «Аға, мен Шайсұлтанның немересімін, есімім – Ниязбек» деймін. Ана кісі күліп жіберді…– Сонда ол кісі сені Мұхаммед Шайбаниге қалай ұқсатып тұр? Әлде тарихи тұлғаның портретін іштей жасап алған ба екен?
– Мен басында білмеймін ғой. Сөйтсем, тарихи деректерде әйгілі Мұхаммед Шайбанидің қолдан салынған суреті сақталып қалған да, сол бейне бойынша персонаж іздеп жүрген беттері екен. Басында жоба жетекшілері министрлік алдында фильмнің нобайын қорғаған кезде біраз актерлер осы рөлді ойнап көрсетіп кетіпті. Араларында танымал жігіттер де бар. Бірақ ешқайсысы режиссердің көңілінен шықпаған. Ал мен сол тақ мұрагеріне қатты ұқсайды екем.
– Режиссерге бір көрінгеннен актерлік өмірім басталды дейсің ғой.
– Айтпаңыз. Мені бірден киіндіріп қойып, суретке былай да былай түсірді келіп. Рүстем ағамыз маған үлкен жауапкершілік жүктеліп тұрғанын айтты. Актерлік шеберліктің небір қыр-сырын үйретіп жатыр. Әрине, тарихи тұлғаның рөлін сомдау зор бақыт емес пе! Бірақ бір жағынан үрей де жоқ емес. Мен – кәсіби актерлік оқуын оқымағанмын, біреудің бейнесін ойнап шығарудың не екенін білмеймін. КВН-нен басқа сахнаға шығып көрмеген менің тілім де, ойым да, ойыным да шала, тіпті, көзіме дейін жасанды екенін сонда ұқтым.
Сол күннен бастап мені режиссуралық шеберлік тобы басынан бастап Көшпелі Өзбек хандығының тақ мұрагері Шах-Мұхаммед ханзаданың рөліне дайындай бастады. Рүстем Әбдіраш қанша айтқанмен, өте сауатты режиссер ғой, сонау дәуірлерден бергі тарихи кітаптарды – «Көшпенділер» трилогиясын, «Абай жолы» романын, үлкен классик жазушыларымыздың туындыларын, осы фильм сценарийін жазған Смағұл Елубай ағамыздың шығармаларын оқытты, тіпті, дауыстап оқытты.
– Неге дауыстап оқисың?
– Өйткені, мен орыстілді ортада өстім, қазақ тіліне жатық емеспін. Бізге неғұрлым қарапайым жалпақ тілде емін-еркін сөйлеу керек. Байырғы тілімізде сөйлей жүріп, эмоцияны бере алуың керек. Бір жағы тілім жатылды, тілдік қорым көбейді, ең бастысы тарихи деректерге, шежірелерге үңілдім. Расында қандай хандық болмасын, ең шиеленісті жері тақ таласы ғой, сол себепті, мен өзім сомдайтын тарихи тұлғаның болмысына іштей ене бердім, ене бердім. Расын айтайын, өте көп ізденуге тура келді.– Алғаш режиссерге жолыққаныңда, сақалың болып па еді?
– Енді-енді тебіндеп келе жатқан.
– Фильмде өзің секілді арнайы оқуы жоқ, тыңнан қосылған тағы қандай актерлер бар?
– Жоқтың қасы. Барлығы дерлік кәсіби актерлер. Қазақстанның түкпір-түкпірінен театрлардан небір әртістер келді. Қарап отырсам, Қостанайдан жалғыз мен екенмін. Сосын олардың қасында жүрсең намыстанасың, талпынасың.
– Актерлік оқу оқымаған, тіпті, киноға түсудің иісі мұрнына бармаған адамнан қандай қиындықтар болды деудің өзі артық болар…
– Рас, ең алдымен тілімді жатықтырдым, одан кейін көзің шынайы сөйлеу керек екен. Соған біраз уақыт үйрене алмай жүрдім. Басында беделді, танымал актерлермен қатарласа жұмыс істеуге аздап қобалжыдым. Бірақ Досхан Жолжақсынов, Асылболат Ысмағұлов, Еркебұлан Дайыров, Бекболат Тілеухан, Қайрат Кемалов, Аян Өтепберген, Шұғыла Сапарғали, Қарлығаш Мұхамеджанова, Арман Қожа аға-апаларымыз бастаған мықтылардың арасында кәдімгі рухым ояна берді.
– Ал енді сенің рөліңе оралайық. Әрине, тарихи бейнені өз деңгейінде сәтті алып шықтың. Бірақ фильм болған соң ол жақсы қырынан да айтылып, сыналып та жатады. Соның ішінде дәл сенің рөліңе де сын айтқандар бар. Мәселен, қойылым жетекшісі Шах-Мұхаммедті сабырсыз, ұшқалақ, қызба, жеңілтек, жалақор, әсіре таққұмар қылып көрсеткен дейді.
– Әбілқайыр хан немересін бала күннен «сен тақ мұрагерісің» деп оны еліртіп, еркіне қоя берген. «Алтынның буымен мыс сарғаяды» дейді емес пе, анау соған кәдімгі өршеленіп, өктемсіп алады. Таққұмар, тұрақсыз болғаны шындық. Режиссердің таңдауы осылай болды. Керей мен Жәнібек бөлініп кетті, оларға Дешті-Қыпшақ, Ноғай жұрты қосылып кетті. Атасы өлді, бұл сегіз жылдай бой тасалап, бас сауғалап жүрді. «Жолбарыстай алатын сәтімді күтіп жүрмін» дейтін сөзі бар.
– Фильмде тау-тас, жазық, орманы бар, сарайлардың ішінде күннің ыстық-суығына қарамай түстіңдер. Ауа-райы қалай әсер етті?
– Басында Кеген жақтағы тауға барған кезде қысымым көтеріліп, мұрнымнан қан кетті. Бір апта үйренбей жүріп, кейін үйреніп кеттім.
– Сарай іші де салқын. Адам сөйлегенде, аузынан бу шығып тұрады…
– Біз сол бір көріністерді Қапшағай маңында түсірдік. Қыс енді басталып келе жатқан. Бастапқыда аздап ызғарлы болды, бірақ күн ашық еді. Түсірілімнің екінші күнінде қалың қар жауды ғой. Енді түсіру алаңы, актерлер құрамы, киім, декорация бәрі дайын болған соң, түсірілімді үзген жоқ. Сарайға ыстық ауа үрлейтін электр пештер әкеліп қойылды. Ғимарат іші жылып кетті. Сол кезде төбедегі қар еріп, төбеден тамшыласын…
– Кинаодан кейін қандай әсерде жүрсің? Достарың көбейген шығар?
– Қаңтардың 5-нен бері Алматы әкімдігінен бастап, ата-анам, туыстарым, достарымның барлығы қоңырау шалып, құттықтап жатыр. Біздің әкімдік кел, брифинг өткізейік деген. Мен келістім. Бірақ бізді Алматы, Қарағанды, Астанаға алып кетті де, келе алмай қалдым.
– Фильмнен гонорар жақсы төленген шығар?
– Иә, әйтеуір ойдағыдай ақы төледі. Сол ақшаны анама әкеліп бердім. Бірақ ең бастысы, мен үшін алдымен ақша емес, өз міндетімді, режиссер тапсырмасын абыроймен алып шығу болды.
– Өз көңіліңе жақпаған қайшылықтар бар ма?
– Бізге ондай сын айтатын жас келген жоқ, бітірген оқуым болмағасын, кәсіби сыншы емеспін… Бірақ фильмнің жабық көрсетілімі болғанда, сахналық қойылымдар ойнағанымыздағыдай емес, ауысып кеткен сияқты көрінді. Артынан қарап отырсақ, бәрі рет-ретімен орналасқан екен. Басқа тарихи кинолармен салыстырып қарадық. Ең бастысы, бұл киноны әлемдік нарыққа «міне» деп көрсетуге тұрарлық. Сапасы жағынан да, мағынасы жағынан да жоғары. Халық өте ықыласпен қабылдап жатыр. Мәселен, тұсаукесерге барған Қарағанды жұрты фильмнен кейін «Алаш! Алаш!» деп ұрандағанын қайтерсіз! Қазірдің өзінде «Алмас қылышты» шетелдерден прокатқа алып жатыр. ТМД, түркі тілдес елдері, Венгрия. Мәселен, Түркия афишаларды өз тіліне аударып шығарып жатыр.
– Сен бір фильмге ғана түстің бе, әлде тағы жалғастырасың ба?
– Бұйыртса, тағы жалғастырамыз. Көктемде басталуға тиіс. Себебі, роман желесі бойынша алда Өзбек ұлысы мен Қазақ хандығы арасында талай-талай шайқастар бар, сол себепті, Мұхаммед Шайбани әзір сахнадан кетпейді.
– Отбасың кино саласына кеткеніңді қалай қабылдады?
– Негізі Алматыға кетімін деген шешіміме ата-анам «батамыздан басқа айтарымыз жоқ» деді. Осында ҚМПИ-де шет тілдерінде оқыдым, қаржылай жағынан аздаған қиындықтар болды. Бір жағы әкем де ауырып жүрді. Сосын екінші курстан оқуды үзуге бел байладым.
– Оқуыңды жалғастыратын ойың бар ғой?
– Бұйыртса, актерлік оқуын оқысам деймін. Әйтпесе, ел «бұл актерлік оқу бітірмеген, кинода неғып жүр» деуі мүмкін.
– Қазір киноға түсуге тағы ұсыныстар келіп жатыр ма?
– Өткен жазда Шоқан Уәлихановтың Қашғарға саяхаты жайында фильмге түстім. Онда мен эпизодтамын. Туындыны Жасұлан Қошанов түсірген. Қашғардың ханы бар, оны Берік Айтжанов сомдайды. 2017 жыл небір жобаларға толы жыл болғалы тұр. 70-ші жылдары Талдықорғанда сөйлейтін піл болған. Ол болған оқиға. Попугай сияқты. Батыр есімді піл жыирма шақты сөз білген. Соның басты рөлдерінің бірінің видеопробасына шақырды. Енді мына фильмнің жалғасы бар. Осындай-осындай жұмыстар күтіп тұр.
– Әңгімеңе рахмет! Шығармашылығың арта берсін.
Әңгімелескен Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суретке түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.