Дос КӨШІМ: «Қоғам белсендісі саясаткер емес»
Айтары бар адамның әңгімесі
Шебер жазушы, ғибратты ғалым, сарабдал саясаткер туралы сөз қозғай қалсақ, әуелі, қызмет жолы, сіңірген еңбегінен бастауды мақсұт тұтамыз ғой. Бәлкім, дұрыс та шығар. Ата сөзіне сүйендік: бос насихаттау, жетпегенге көгентүп беру – қазақты құртатын қасиет. Ал тақпа-тұқ өмірбаяндық деректеріне қарамай ұлтқа қызмет етіп келе жатқан тұлғалар аз емес. Бір ғалым ағамыз ондай кісілерді «көрінбейтін еңбектің иесі» деп бағалады. Солардың бірі деп АҚШ-тың Техас штатының Құрметті азаматы Дос Көшімді айтуға болатын секілді.
Сөзінен гөрі ісіне баға беруге келетін Дос Көшім жақында Қостанайға келді. Мақсаты айқын: тіл жайы, қоғам-қазанда қайнаған қазақ тірлігі туралы айтып, жастарға аз-кем дәріс оқу.
Ендеше, әлқисса…
«Тек қана шапан ауысты»
– Қош келдіңіз, аға! «Турасын айтқан туғанына жақпайды» дейтін еді ғой. Бүгінгі отырыста қостанайлықтардың шымбайына бататын пікірлеріңізді бүкпе-боямасыз айттыңыз.
– «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық та жерге кіреді». Ұлтқа қатысты дүниелерді біздің заманның солдаттарына емес, жас буынға айтқаның өнімдірек секілді. Мәңгілік қазақ болып қалудың қамына кірісу жолын таңдадық. Оның негізі – тіл мен діл. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық кезінде Алаш азаматтары екі мәселені ғана талқылапты. Бірі – халықты аштықтан құтқару жөніндегі комиссия құру, ал екіншісі – қазақ тілінің кеңсе тіліне айналуы. Қалың бұқараны аштық жайлап жатқан кезде де тіл мәселесін тұғырдан түсірген емес. Ал біз бұл тақырыпты қазірге дейін «мыжып» келеміз.
– Атақты лингвист Елдос Омарұлының еңбектеріне қарап отырсаңыз, қазақ тілінің ғылым тіліне айналуы үшін алғышарттар сол кезде-ақ жасалған секілді. Мұны іске асыруға батыл кіріскен Әлихан Бөкейханов «қазақ тілі ғылымға енеді» деп, жиырмадан артық кітап жазғызыпты. Қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды деуге нақты бір мысалдар ма?
– Анықтамасына қарасаңыз, ғылым тілі айтылатын ойдың дәлдігін, дұрыстығын кез келген ғалым түсінерліктей қалыптасуы тиіс. Тіл этностың рухани байлығын, болмыс-бітімін танытатындықтан, оны үйрену мен үйрету бір күндік іс емес. Ол үшін жеке-дара қабілет пен тілдік орта қажет. 1991 жылдан бастап, бүкіл жоғары оқу орындары әдеби, ғылыми оқулықтарды қазақ тіліне көшіруі керек еді. Бізде ондай жұмыс жасалмады, орыс тілі бар деп жүре бердік. Ресейдің өз өмірінен мысал келтіруге болады. 18 ғасырдың орта кезінде орыстың оқу орындарындағы кітаптар неміс, француз тілінде-тін. Естеріңізде болса, «Соғыс пен бейбітшілік» бірінші рет француз тілінде басылды. Кейін тарихи аренаға Ломоносов шықты да, жиырма жылдың ішінде орыс тілін ғылым тіліне айналдырып жіберуге күш салды. Оған басында күлгендер көп болған.
Қазақ тілі ғылымға енбейді деп жүргендердің көбі – өзіміздің қазақтар. «Онда тұрған не бар дейсің?» деп, алдындағы шайларын ішіп отыра береді. Құдасы да тыныш, құдағиы да өкпелемейді. Дегенмен, мына нәрсе маған аян: ұлттық мәселеге келгенде нағыз қазақ ешкімге есесін жібермейді. Әттең көнбіспіз, соңына дейін шыдаймыз. Ешқашан көнермейтін, уақыт құзырына құлдық ұрмайтын фольклорымыз, төл әдебиетіміз бар. Тілдің құрымайтыны анық. Енді осы да жетеді деп отыра бермей, ғасыр бұрын зиялыларымыз көтерген мәселеге қол жалғайық. Тіліміздің ғылымға, әлемдік өркениетті мойындатуына жағдай жасау да өз қолымызда. Статистикаға сенгенді ұнатпаймын, бірақ салыстырмалы түрде қарасақ, Қазақстанда әлеуметтік әл-ауқаты жөнінен ең төмені – қазақтар. Бір жағынан, шалқамыздан түсіп жататын жайбасарлығымыз тағы бар. Ал басқа елде тұрған қазақтарды пысық дер едім. Межеге жетер тұс белгілі. Өзімізден бастайық. Орыстілділер осы кезге дейін ұлтаралық қатынас тілі орыс тілі деп түсінеді. Бұл 1989 жылғы «Тіл туралы» заңның екінші бабында бар болатын. 1997 жылы бұл бап алынып тасталды, себебі екі адам арасындағы қатынас тілі заңмен бекітілмейді, ол халықаралық ереже бойынша адам құқығын бұзады. Ал бұлар соны айтып, әлі күнге дейін малданады. Елімізде қарым-қатынас тілі орыс тілі дегенді желеу етіп, шу шығаруға, қоғамдық пікір тудыруға құмар. Әр 10-15 жылда тілдің демографиялық жағдайы өзгереді, тілдік қажеттілік туады. Біз әлі күнге дейін 1989 жылы қабылданған заңмен отырмыз. 1997 жылы соның тек қана 1-2 бабын ғана ауыстырдық. Сол кездегі 40 пайыз қазақтың көрсеткіші қазір 70 пайызға жетті. Ашық әңгіме керек. Бір жылы Осакаровка ауданында өткен жиында көп түкіру білмейтінімізді айттым. Түсінбей қалды біразы. Көл қай уақытта көбейеді деп едім, ұртын қозғалтқандар пайда бола бастады. Рас, көптігімізді пайдалана алмай келеміз. Президент алдымызға асу қойды. Алайда, солтүстік аймақтың халін көрген кезде ойланып қалады екенсің.
– Ғылым тілі туралы түсіндік. Жалпы Қазақстанда өз алдына тәуелсіз бір ғылыми институт бар ма? Болса, атап көрсете аласыз ба?
– Ғылым әр уақытта тәуелсіз болады. Екі жердегі екі – төрт. Өзгерте алмайсың. Ғылым ақиқатқа ғана негізделеді де, тәжірибемен дәлелденеді. Ал оның гуманитарлық саласы міндетті түрде саясатқа қызмет етеді. Онсыз болмайды. Мынаны қараңыз: 1960 жылы баспасөзге Алашорданы жамандап жазған адамдар 1992 жылы оның саясатын жақтап, тағы бір жарыққа шығарды. Жазушы тарап біреу. Мұның себебі – тәуелсіздік алғанға дейін замана көшіне басқа пиғылдағылар еріп жүрді. Қателеспесем, Алматыда жарық көрген бір газетте осы екі мақала бір нөмірге басылды. Автор екі аралықты сараптап, салыстырып, талдап берген. Ғылымның гуманитарлық саласы биліктің идеологиялық құралы деген түсінік осындайлардан соң қалыптасады. Соңғы уақыттарда өнердегі, одан соң діңгегі мықты делінген әдебиетке деген халықтың сенімсіздігі байқалып жүр. «Мата атымен бөзді өткізетін» маркетингтің бағасы жүріп тұрғанда тәуелсіз ғылым туралы айту артықтау.
– …сөзіңізді бөлейін, дегенмен де егемендіктің алғашқы жылдары жаңа заманның ырғағына ілесіп кету және бар секілді. Сары уайым сапырылып жатқан тұста ғылымға көңіл бөлетін уақыт қайда дейсің. Жазушы Тұрсын Жұртбайдың сөзіне сенсек, ғылым-білімге дейін тіл-бесігін қисайтпай тербету қажет емес пе? Бәлкім, уақыт өте келе ғылыммен де озық шығармыз. Қалай ойлайсыз?
– Егер бізде бұрын тәуелсіз ғылым болмады десе, келісер едім. Кеңес өкіметі тұсында да қазақ ғұламаларының аты шыққан. Бір ғана Қаныш Сәтпаевты мысалға алсақ жетеді. Уақыт қазақтың дамуын күтіп тұрмайды ғой, қайта заман талаптарына жауап дайындауға кірісу керек. Бізде ғылыми түсінік аз, оны түсіндіретін кадр жоқ деп шырылдасаң, «онда тұрған не бар?» деп, өзіңе сұрақ қояды. Өркениетке шығудың бір жолы осы емес пе, айналайындар-ау?!
Әрине, тіл бірінші орында. Біздің қазақ қауымы тіл мәселесін айта-айта әбден шаршадық. Өзімізге өзіміз ренжіп, үкіметке ескертпе жасаймыз, мәлімдеме жазамыз. Меніңше, орыстілді қауым бұдан алшақ. Бұл проблема олар үшін мүлдем жоқ сияқты. Шындығына келсек, мәселе соларда, олардың мемлекет тіліне деген көзқарасында. Кезінде, нақты қай жыл екенін білмеймін, орыстілді адамдар арасында сауалнама жүргізгенбіз. Нәтижесін көріп, тағы бір ойланып қалдық. Қазақ тілін үйренбеудің нақты бір күрделі сылтауы жоқ болып шықты. Барлығы ынтаға келіп тіреледі. Бір сөзбен айтқанда үйренемін дегендерге ешқандай кедергі жоқ. «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген ұран сөздің уақыты өтіп барады. Мойындайық. Әр аймақта болған кездесулерде халық тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып жатады. Тұщымды нәрсе іздеп, құрастырамыз. Кейін оны министрліктерге жолдаймыз. Сөйтіп, осы жолы Қостанайға да келе қалдық.
– Бірінші келуіңіз емес шығар?
– Әрине! Тіл мен ділге байланысты талай кездесулерге қатыстық. Арнайы шақыртулар болса, бас тартқан емеспін.
«Жәреукелікке жығылмай, жағымпаздықтан жерінсек…»
– Аға, сіздің заманнан қалған болу керек, мына бір езу тартарды оқыдым: Жапан түзде вагон тұр. Не әрі, не бері қозғалмайды. Ішінде отырған бас хатшы Б. жанындағыларға: «Терезенің бәрін жабыңдар да, вагонды шайқаңдар – жүріп келе жатқандай болайық», – депті. Сонау жылдардан бері айтылып келе жатқан мәселелерге тура келіп тұрған қағытпа емес пе?
– Билікте ғана емес, өзімізде жасандылық кейіп басым. Тіпті, қонақ қылып күткен адамы үйінен шықса, артынан түрлі сөз ертіп жіберетін қаймана қазақ жоқ емес. Сайып келгенде қазақтың ішкі бірлігі мықты болса, сыртқы тосқауылдан келетін қауіптен қорықпайсың ғой. Әлі есімде: 1988 жылы 14 қарашада «Ана тілі» қоғамын құрдық. Адымызға қойған анық мақсат – қазақ тілін мемлекеттік тіл ету. Облыстарға шығып, шағын ұйымдар аштық. Әуелгісі Қызылордада құрылды. Кейін білсек, әр өңірде құрған ұйымдар небары үш-ақ күн жұмыс істепті. Себебі ҰҚК жауап тастап отырған. Содан Семейде мұғалімдер, аспиранттардың көмегімен біріктік. Сөйтіп, он айдан соң заң қабылданды. Біздің жетістігіміз – «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын жасап, Үкіметке жолдадық. Бірнеше газеттер басты. Оған дейін «Ұлт тағдыры» қозғалысы бұл жобаның нобайын жасап қойған. Кейін Оразалы Сәбден кабинет беріп, біз бір ай бойы жаздық. Ал соған қарсы жұмыс істеген адамдар кейін талай тойларда қасымызда отырды… Қызармайды, ыңғайсызданбайды! Олардың ешқайсысы «сендердің сол уақытта көтерген мәселелерің дұрыс екен» деген сөз айтқан жоқ. Міне, жасандылықтың айқын дәлелі.
– Айтпақшы, осы митингілерді ұйымдастырудың ережелері бар ма? Әңгіме ашық айтуда, «батырлық» жасау, одан қалды, айқайлап өзін көрсетуде емес шығар?
– Тоқсаныншы жылдардан бастап бізде алғашқы митингілер бола бастады. Қазақ тілін мемлекеттік тіл жасауға, коммунистік партияны жабуға, ГКЧП-ға байланысты толқулар өтті. Негізгі мәселе – сол митингіні ұйымдастыруда. Мысалы, 500 мыңдай мүшесі бар «Азат» қозғалысы республикалық дәрежеге дейін көтерілді. Митингіні қалай жасауды, тәртіп сақтауды, шектен шығып кеткен жағдайлар бола қалса, жауапкершілікті өз мойнымызға алуды жақсы білдік. Әрине, рұқсат бермеуге тырысады, бірақ сөзімізді айтудың жолын таппаған кезіміз аз болған. Шынында ешқандай кикілжің, билікпен «жаға ұстасу» болған жоқ. Қазір ше? Шындықты айтудың жолын таптық деп, «аттандап» алға бастаған ағайынға не көрінді? Митингіге шығады екенсің, сайланып ал. Жоспар болу керек. Біріншіден, көтеріліске кім шығады? Қатары аз, шарасыз топ. Біз сондаймыз ба? Жоқ. Күн жарықта айдың қайда екенін қарап жүрміз. Мәселе осында.
– Бізде мынау бар, бірақ қадірін білмей жүрміз деп нені көрсетер едіңіз?
– … Бұрын ойланбаппын. Оларды тізе беруге болатын сияқты ғой. Тәуелсіз ел атансақ та Алаш зиялыларының құрған бағдарламасындағы бір ғана тарауды орындадық. Ол жеке мүфтият құру. Қалғанының қадірі түгілі, өзіне жете алмай келеміз.
– «Егер жаңғыру елдің рухани ұлттық тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деді Елбасы. Ұлттық мүддеден айырылып барамыз дейтін ағайынға не айтар едіңіз?
– Қазақтың күретамыры – руханият. Ал бізді одан ажыратуға тырысқан – отаршылдықтың зардаптары. Жаңа заман, жаңа талаптар деп шарқ ұрамыз. Технологияның мықты дамыған нүктелері – Израиль мен Жапония. Екеуін де ұлтшыл мемлекет деп атар едім. Өздерінің мүдделерін бірінші орынға қояды. Ол жағынан Франция, Англия секілді елдерден артық. Сол себепті технология руханиятты ысырып тастай алмайды. Біздікі құр сылтау. Бұл арадағы мәселе – ғаламдық деңгейдегі ауыс-түйістердің тым етек алуы. Әр ұлт өз тілі мен ділін сақтап қалғысы келеді. Бір жағынан, ұлттық ерекшеліктің жойылуы ұзақ жыл шетелде білім алатын жастарға байланысты. Пайызбен есептегенде шамалы болғанымен, кері әсерін тигізбей қоймайды. Ол студент сол едің заңына бағынады, тұрмысына араласады. Келе-келе дәстүріне мойынұсынбауына кепілдік бере алмайсыз. Басқа елге жібермей тұрып, қазақы қасиетті бойға сіңірсеңіз, әңгіме басқа. Идеологиялық тұрғыда ұлттық болмысты сақтап қалу бар болғанмен, қоғамдық сана бойынша оған қарсы топтар тағы бар. Бұны диалектиканың қарама-қайшылық заңы деп атайды.
– Сонда шешім қайсы?
– Қазіргі күні нағыз қазақы ортаны қалыптастыру деген мәселе тұр. Әсіресе, солтүстік өңірлер жалаулататын нәрсе. Оған кедергі не? Меніңше, бұрынғы коммунистік партияның ықпалы. Сол идеологиядан толықтай арылған жоқпыз. Бiз – ерекше дарынды халықпыз. Санаулы жылдың iшiнде ғана өзгенің тiлiн меңгерген кей қазақ өз ана тiлiнен қол үзiп барады. Мұны жасырып керек емес. «Болашақта совет халқына айналамыз» дегендердің қатарында өз азаматтарымыз болды. Тiптi, зиялы қауым өкiлдерi де жалған ұранға алданды. Бiрқатар Еуропа елдерiнде «Люстрация туралы» заң бар. Қазақстан үшiн де бұл заң ауадай қажет еді. Мысалы, Франция Алжирден бөлінер тұста бір күнде 20000 мемлекеттік қызметкер Парижге көшіп келді. Коммунистік партияның ықпалы өтіп кеткені сол, «галочка» үшін өткізілетін жиындар, «уралап», құр айқайға басу, қағазбастылық, жоспарсыз той – осының бәрі қалмай келеді. Бәлкім, олар әдейі істемеген шығар. Өмір бойы оң қолымен жазған адам бір күнде сол қолымен жазып кете алмайды. Жоғарыдағы мысалдар – коммунистік идеяның тұнып тұрған дәлелі. Қарынды аштыратыны – тілдің, ділдің қажеттілін, рухани дүниелердің аздығын айтатын басшы-қосшының болмауы. Амал жоқ, олар айта алмайды. Себебі коммунистік кезең оларды дұрыс тәрбиелемеді. Ол кездегі тәрбиенің жоғарғы шыңы бастық болуда-тын. Бітті. Барлығын Президент өзі істеуі керек емес қой. Ол бағыт-бағдар берді. Қарапайым адамдар үшін мемлекет деген – мемлекеттік қызметшілер. Барлық сын да соларға айтылады. Жемқорлықты кім жасайды? Ақшаны бөлетін адамдардың иелігінде. Міне, айналып келіп осыған тірелеміз.
– Шындап кірісуге кедергі көп пе? Сіздіңше, адамдар арасындағы бірлік пен шынайылықты қалай сақтамақ керек?
– Бірлік халық пен биліктің байланысында, ашықтығында бір көрініп қалады. Мысалы, Жаңаөзен оқиғасы болып жатқан тұста Астана едім. Ести сала, сол жаққа тарттым. Ақтаудан әрі қарай жібермеді. Келесі күні таңғы алтыда мәдениет министрлігінен хабарласып, телеарна мен газет арқылы халықты тыныштандыруымды сұрады. Ал менің берген сұхбатым оларға ұнамаған болуы керек, жарияламады. Негізгі, кінә жергілікті атқару органдарының ойланбай істеген әрекетінде деп ойлаймын. Кейін комиссия тексерісінің нәтижесіне риза еместігімді білдіріп, бас прокурорға қарсы мақала жаздым. Мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдары халықтың ашу-ызасы қай деңгейде екенін бақылап, оған талдау жасап отыруы керек. Наразы топ жиналған алаңда мерекелік шара өткізу ақылға симайды. Жұрттың ызасын келтіру үшін қақаған қыста киіз үй тігіп, тойлату да дұрыс емес қой. Барлығы ғимарат ішінде өткізіп жатқанда бұлардікі не сый? Мұны бір деңіз. Сый демекші, қазір тектен-текке сыйлық тарату үрдісі пайда болды. Оның орнына тәуелсіздік үшін күрескендерге жағдай жасамай ма? Солардың бірі – желтоқсаншылар. Мысалы, Чернобылдан зардап шеккендерге, ауған соғысына қатысқандарға жеңілдік бар. Сол 86-да көтеріліске шыққандар тоқалдан туды ма? Олар әбден азайып қалғанда бір заң шықпаса, әзірге өзгере қоймас. Бір оқиға есіме түсіп отыр: 1949 жылы Швеция әлем чемпионы атанады. Жиырма жыл өткен соң сол жылы чемпион болғандардың бәріне «бәлен мың ақша берілсін» деген шешім қабылданыпты. Сөйтсе, сол жеңімпаздардың ішінде бір-екеуі ғана тірі екен дейді.
– Нақты жұмыстан гөрі сайттарға кіріп алып, айтатынын айтып, сынайтындарды сынап, мақтайтындарға мадақ арнап, содан соң ұйқыға кететін көкелеріміздің тірлігін көргенде жастар тіксініп қалады. Олигарх, бай-манаптарды қолпаштау, сырттан келген сайқымазақтарға әуестену секілді басымдықтарды қосыңыз.
– Рас, бізде шектен шыққан сенімділік бар. Сол арқылы көп нәрседен айырылып қалдық. Жақсы қасиеттен туған жаман қасиет. Жағымпаздық пен жалпақтау бізде жоқ-тұғын. Бұл бұрын губернатор мен болыс, уезд тағайындаған соң пайда болды. Желю Желевтің тоталитарлық режим туралы жазған бір кітабы бар. Сондағы «тақ тапты өзгертеді» дегенге келетін бір сөз есіме түсіп отыр. Мысалы, облыс басшысы аудан әкімінен, ал министр облыс әкімінен ақылды болып көрінеді. Ал күндердің бірінде министр орнынан түсіп қалса, ол ақылды емес сияқты. Түйін: мансап ақылды-ақылсыздың жігін анықтайды. «Он шошқаға тоймағандардың» жүйесі кірген кезден-ақ ақыл мен білімді мансап дәрежесі көрсететін болды. Қазақта ше? Ондайдың жұрнағынан ада болған. Би ме? Оны хан емес, әуелі, халық мойындаған. Хан биді сайламаған. Шыны керек, қазір президентке деген жағымпаздық шектен шығып кетті. Басыңды кессе де, адалын айтқан ақсақалдар жоқ. Тағы бір мысал: оңтүстікте бір тойда отырмыз. Дастархан басында бір шал көрші ауылдағы МАИ бастығының 70-ке толған әкесіне джип сыйлағанын, сол жылы інісіне үй салып бергенін айтты. Осындайларды үлгі қылып айтатын ақсақалдар неге көбейіп кетті? Азамат бол, ел үшін қызмет істе деп неге үйретпейді? Жасынан жемқорлыққа тәрбиелейді. Әйтпесе, жалақысы жүз мыңнан ғана асатын басшы бір жылда үй тұрмақ, мәшинеге ақша қайдан табады?
Бос мадаққа үйір ағаларымызды түсінемін. Оның арасында менің де, сенің де жерлестерің бар. Бәлкім, мұның басқа жағын қарастыру керек шығар. Кезінде Кеңес үкіметі қазақ жазушыларын қолады. Оларға үй берді, кітаптарын шығарды, жанына қара телефон қойды, қоңыр үстел берді деген сияқты. Осылай істеп, қазақтың басынан бір сипап алды. Міне, осы ауру қазір тоқтамаған. Өз жеріне келіп ат мініп кеткісі келетін ақын, қалтасы жұқарса томпайтуға асығатын жазушылар пайда бола бастады. Түбінде осындай өзіндік дертке ұшырап кететінін білмей қалды. Қай жаққа жел соқса, сол жаққа жапырылатын зиялы қауымға айналды. Ең бастысы, жәреукелікке жығылмай, жағымпаздықтан жерінсек қой. Жеткеніміздің бірі болар еді.
– Қызды-қыздымен біраз жерге барып қалыппыз, аға! Сіз демократияға сіңірген еңбегіңіз үшін шет елдерден марапаттар алып жүрсіз. Бірнеше кітаптар жаздыңыз. Жалпақ тілге салсақ, демократияның нақты діңгектері қайсы?
– Ол абстрактілі нәрсе емес. Демократияның белгісі – көзбен көріп, қолмен ұстау. Содан кейін оның институттары бар. Олар: парламент, көппартиялы жүйе, жергілікті өзін өзі басқару, тәуелсіз баспасөз, әділетті демократиялы сайлау жүйесі. Осылардың бәрі байланыста жұмыс істеген уақытта ғана мемлекет демократиялы бола алады. Бізде парламенттік жүйе ғана толықтай бар. Бізде әділетті сайлау жоқ. Мен бес жыл бойы бақылаушы болдым. Қалай өтетінін жақсы білеміз. Орталық сайлау комиссиясы биліктің қолында болмауы тиіс. Украинаның сайлауына екі рет 100 адам апардым. Ол жақта сайлауға түсіп отырған жеті партия болса, бір-бір өкілден сайлау комиссиясында бақылаушы болып отырады. Ал Американың сайлау орнында бюджеттік адам болмайды, Тек еріктілер жұмыс істеуі керек. Студенттер мен зейнеткерлер жүреді. Себебі сайлаушы – халық. Көппартиялы жүйе бар дей аласыз ба? Жоқ. Көбі қолдан жасалған партиялар. Биліктің жобалары десек те болады. Тәуелсіз баспасөздің өзі ақсап тұр. Көптеген газеттер тендорға қатысады. Ұтқан соң сол тапсырыс берушіге бағынышты. Қазақ еліндегі алғашқы саяси партияны құрған, оның басшысы болған адам есебінде қазіргі партияларға баға бергім келмейді.
АҚШ-тың үшінші президенті Томасс Джефферсонның демократия туралы ой-пікірлері ұнайды, оның көптеген ұстанымдарын қоғамдық саяси өмірімде пайдаландым. Ол былай дейді: саяси қараңғылықта тұрып, демократиялық қоғам құрамын десе, арманға ұмтылғаның жүзеге аспайды. Демократия болу үшін, оны түсіну керек. Кемінде әлгі айтқан демократияның институттарын жатқа айтып бере алуың керек. Оның негізі – адам құқығы. Ол сақталмаса, демократия жасанды.
– Бір сұхбатыңызда елдегі саясаткерлердің қызметін құптамайтыныңызды айттыңыз. Неге?
– Қазақстанда нағыз саясаткерлер санаулы. Әңгіме сонда. Саясат дегеніміз – белгілі бір мақсатқа жету жолындағы тәсілдердің жиынтығы. Сол тетіктерді білетін адам – саясаткер. Мәселен, үштілділікке қарсымыз дейік. Осы тұста стратегиялық жоспар құрып, оны бөліп-бөліп бекіту қажет. Бірінші жартыжылдықтағы жоспар орындалмаса, оны басқаша тәсілмен өзгертіп, қайта жасаған дұрыс. Міне, мұның қыр-сырын білетіндер, саяси тәсілді өздері жасайтындарды ғана саясаткер дер едім. Шындықты бетке айтқандардың бәрін мықты саясаткер деп қабылдай беретін болдық. Мәселен, біздің Расул мен Айдос – мықты саясаттанушылар. Олар қоғамдық пікірді қалыптастыра біледі. Әлеуметтік желілер арқылы халықпен қарым-қатынас орната алады. Қазақ тілінің мәселесін бәріміз білеміз. Мінберге шығып, айтып бере аламыз. Ал солардың бәрін шешу жолдары, механизмін сұраса, тосылып қаламыз. Бұл – тек қана идеологиялық жұмыстар. Ал саяси жүріс – нақты жұмыс. Мысалы, бір ұйым құрсаң, оның нақты мақсатын анықтауың керек.
Саясаттан кетемін дегендерге таң қаламын. Саясат кіріп-шығып жүре беретін дүкен емес қой. Сенің сөзіңе құлақ асатын, соңыңнан ерген адамдарың болады. Сондықтан баланың ойыншығы сияқты қарамаған жөн. Өткен жолы бір жақсы ініміз саясаттан кететінін айтып, газеттерге жазды. Саясатқа келмеген, тек қана қоғам белсендісі болып жүрген оның қылығына бір күліп алдым.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Айдос Сарым Дос агадан мыкты. Арине арким ар турлу ойлайды. Досекең шли мактангерлеу. Айдос факт көп айтат. Казакстанда саясаткерлер рас жок. Дурыс.
Айдос кім Дос кім? Ойлансай бауырым. Дос Көшім қазағым деп шырылдап талай көшке ілескен. Отырып алып салыстырып отырсың. Сен сияқтылар құртатын қазақты. Қатты кетсем айып етпе. Көпті көрген адаммын. Достың айтуы заңды. Саясатпен иісі мұрынға баратындар ғана айналысу қажет. Қалғаны б сөз!
Сіз кімсіз маған сен сияқтылар дейтін? Мəселе Дос Көшімнің айтқанында болып тұр ғой. Отырып алып салыстырып отырған да мен бе? Шамалаңыз. Алдымен, қоғамға ортақ проблемаларды қозғайық. Қазір бет жұлқысатын уақыт емес.
Доске қатты айтыпсыз кейбір жерлерде. ір жаққақарай тисіпсіз ғой. Негізі тура айтқан адам ешкімге жақпайды. Сізге Аллам жар болсын.