Өрттен жапа шеккендерге 91 үй салынады

Қостанай облысында алапат өрттен зардап шекен тұрғындар үшін Әулиекөл ауданында 91 үй салуға жер телімі бөлінді. Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, тұрғын үйлер құрылысы 2,5 ай ішінде аяқталуы тиіс.
"Адамдарды аудан орталығына көшіруге байланысты Үкімет Қаулысы шықты. Енді аз мерзім ішінде біз сапалы үйлер салып, баспанасыз қалған тұрғындарды  қоныстандыруымыз керек. Үй салуға  облыстағы  ірі құрылыс компаниялары тартылды. Мердігерді анықтау үшін арнайы конкурс өткізілген жоқ. Өйткені оған бірнеше ай қажет болар еді. Оған уақыт жоқ", – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.
Меже белгілі, мерзім шектеулі болғандықтан, мұнда елдегі ірі компаниялар шұғыл іске кіріспек. 100 шаршы метрлік  сапалы үйлер салынады.
Тағы бір айта кетерлігі, тұрғын үй құрылысы Мақтаралдағы су тасқыны кезінде қолданылған жоба бойынша жүргізілмек. Қаржы  республикалық бюджеттен бөлінеді. Өңірдің  климаттық ерекшеліктеріне байланысты жобаның қымбаттауы да мүмкін.
"Мақтарал еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Ал  бізде жылу беру маусымы ұзағырақ. Президент біздің климаттық жағдайымызды ескере отырып, жаңа баспаналардың қыста жылы болуын тапсырды", – деп атап өтті Ғ. Нұрмұхамбетов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓