Жаһандық саудаға жол ашылды
Бірде, «Мерседес» көлігін тізгіндеген ағамыздың қасына келген кісі:
-Сен, еліңнің патриотысың ба? – деп сұраған екен. Ағамыз «ия» деп жауап қайырса, әлгі кісі – ендеше, неге отандық көлікті тізгіндемейсің? – деп тықақтап қоймапты. Сонда, ел ағасы: «патриотизмді – ақымақтықпен шатыстырмаңыз» – деген екен. Міне, осы әзілдің ел ішінде таралғанына он жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында, еліміздегі көлік өндірісі қарқын алып, «мерседеске» жетпегенімен, посткеңестік елдерде құрастырылатын көліктермен бәсекеге түсе алатындай күйге жетті. Тек, көлік саласында ғана емес, өндіруші, өңдеуші кәсіпорындар да қанатын кеңге жайып, әлемдегі алпауыт әріптестерімен иық тіресетіндей дәрежеге жақындады. Мұның барлығы да, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге талпынған қазақ елінің 19 жыл бойы жүргізілген іштей әзірлігі еді…
Қазақ елі ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына енді. Осыған сай, аталған ұйымға мүше болған елдің экономикасы еселенері анық. Кәсіпорындарымыз әлемдік нарыққа шығып, тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауына жол ашылады. Қазірдің өзінде, қазақстандықтарға тиесілі сауда-саттықтың 90 пайызы аталған ұйымға мүше елдермен жасалады. Бір ұйымда басы біріккен соң, қазақ еліне де өзгелермен қоян-қолтық жұмыс істеуіне жағдай да, мүмкіндік те молынан болмақ. Шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін біздің ел бұрынғыдан да тартымды болып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады.
Дүниежүзілік сауда ұйымы — халықаралық сауда ережелерін еркіндік қағидаларына қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым. Дүниежүзілік сауда ұйымын құру тарихы Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде бастау алғанымен, нақты 1995 жылдан бастап қана жұмыс істей бастаған еді.
Аталған ұйымның басты міндеті – іркіліссіз халықаралық сауда-саттыққа мүмкіндік туғызу. Дамыған елдердің бастамасымен құрылған ұйым халықаралық саудада экономикалық өсім мен халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал етеді деп есептеледі. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 161 мемлекеттің экономикалық үлесі әлемдік тауар айналымының басым бөлігін құрайды. Осыған сай, оған мүшелікке өту – дамушы мемлекеттер санатына қосылған қазақ елі үшін өте маңызды.
Елбасымыз баса назар аударғандай, аталған ұйымға кірер бұрын, елдің экономикалық мүмкіндігі мен халықаралық беделі, Еуразиялық экономикалық одақтың талаптары басты назарға алынған. Сонымен қатар, ұлттық мүддеміз де назардан тыс қалдырылмапты. Осы орайда өз ойын ортаға салған ел Президенті: «ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Ұйым мүшелігіне Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар. Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек» – деген еді.
Бұдан былай, шетелден келетін тауарларға шекарадан шек қойылмайды. Өзге елдердің тауарлары біздің елімізге көптеп келетін болады. Тауарлардың сапасы жоғары, әрі бағасы қолайлы болса, отандық кәсіпорындардың өз тұтынушыларынан қағылары сөзсіз. Сондықтан да, кәсіп иелеріне білекті сыбанып, іске кірісетін кез келген сыңайлы. Бұл барлығына да қатысты.
… Айтпақшы, «Мерседес» болмағанымен, соған жақын «бизнесс-классты» көліктер Қостанайда да шығарылуда. Жергілікті «Агромашхолдингінде» құрастырылып жатқан «SsangYong» брендінің «Chairman», маркасы сапасы жағынан да, сұранысынан да танымал брендтерден кем түспейді. «Қазақстанда жасалған» деген айрықша белгісі бар «Номад» көлігін де шет елдерге ұялмай көрсетуге болады.
Азық-түлік, өндірістік және өңдеу кәсіпорындары, мал шаруашылығын астығымен тең алып жүрген Қостанай облысының шетелдіктерге ұсынары көп. Сапасы да, бағасы да көңілге қонымды. Ендеше, жаһандық саудаға қош келіпсіздер!
Жұматай Кәкімжанов