Білімділер сайысы
Облысымызда мектеп оқушылары арасында жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық пән олимпиадасының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Білім жарысына өңірдегі мектептерімізден барлығы бес жүз елу оқушы қатысып, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша білім сынына түседі.
-Әрине, облыстық пән олимпиадасы болған соң біраз толқып тұрғаным бар. Өйткені осы кезеңнің жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алады. Олимпиада он бес жалпы білім беру пәндері бойынша өтіп отыр. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнен қатысып отырмын. Былтыр да осы пән бойынша қатысып, өз бағымды сынаған едім, онда екінші орынға ие болдым. Олимпиада тапсырмалары мектеп бағдарламасынан болады. Енді тапсырмаларды жеңіл деп те, қиын деп те айта алмаймын. Шығарманы еркін тақырыпта жаздым. Жетекшім- қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жәмила Артықбаева, -деді Таңшолпан Кеңесбай. Таңшолпан командалас дос қызы Аружан Төлепбекова екеуі Қостанай қаласындағы С. Мәуленов атындағы гимназияда оқиды. Екеуі де қолдарына әдебиет пәні оқулықтарын алып, тапсырмаларды қайталап тұрды. Екеуі де өткен жылғы пән олипиадасына қатысушы, тәжірибелері болса да қобалжу үстінде. Сынақтың аты сынақ. Пән олипиадасына облысымыздың әр өңірінен келген оқушылардың бірі тапсырмаларды талқыласа, екіншісі дәптеріне жазып алғандарын қайтадан пысықтап тұрды. Мектеп оқушылары арасында өтіп жатқан жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық пән олимпиадасының үшінші кезеңінің салтанатты ашылуында облыстық білім басқармасының жетекшісі Б. Даумова, жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінің төрайымы, ғалым К. Есіргепова сөз сөйлеп, оқушыларға сәттілік тіледі. Оқушылардың білімін аймақтағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары бағалайтын болады. Пән олимпиадасы екі күнге созылады. Жеңімпаздар республикалық пән олимпиадасының жолдамасына сол секілді өңірдегі жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болады.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ