Уақытша тіркелу тәртібі қандай?
Қазақстандықтарға тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуден өту үдерісі түсіндірілді. «Негізгі заң қабылданғаннан кейін, бір айдың ішінде заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс. Үкімет Қаулысында кім, қашан, қандай мерзімдерде жауапкершілік тартатыны, тәртібі, тетіктері, әкімшілік тәртіпке кім тартатыны көрсетілетін болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Яғни бір айдан соң, Үкімет Қаулысымен бірге заң да күшіне енеді», — деп атап өтті ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаменті басшысының орынбасары Галина Сәрсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Ол, сонымен қатар, тіркеуден қандай мерзім ішінде өту керектігін де хабарлады.
«Әрбір азамат өзінің тұрғылықты жерін ауыстырған кезде 10 тәулік ішінде тіркеуден өтуге тиіс. Дегенмен ол уақытша тұрғындарға байланысты емес. Уақытша тұрғын деген тұрғын үй иесіне оның үйінде тұрып жатқаны үшін ақша төлемейтін азаматтар. Олар — біздің туыстар мен меймандар. Уақытша тұрғын түсінігі заңда нақты көрсетілген. Сондықтан сіздерге қонаққа келген меймандар тіркеусіз 1 ай тұра алады. Мәселе ұзақ уақытқа пәтер жалдап тұратындарға қатысты болып отыр. Жұмыс істеуге, оқуға, емделуге келген азаматтар», — дейді ҚР ІІМ өкілі.
Оның нақтылауынша, заңды бұзғандарға алдымен ескерту беріледі. «Бір айға дейін ескерту беріледі, бұрын тек айыппұл салынатын. Көшіп келуге де уақыт керек екенін түсінеміз. Сондықтан біз бір айлық уақыт қойдық. Бір айдан асқан жағдайда айыппұл салынатынын білген жөн. Бүгінде ол 10 АЕК көлемінде, демек, 22690 теңге деңгейінде белгіленген», — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, 2016 жылдың 22 желтоқсанында ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған болатын. Заңға сәйкес, азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркеуден өту міндеттемесінің мерзімдері қысқартылды.