Түрік инвестициясы қаншалықты тиімді?
Өңірімізге 5 күндік сапармен Түркияның ауыл шаруашылық техникаларын өндіретін Fimaks компаниясының басшылары келді. Нарықта 40 жыл бойы мал азығын егіп, жинаумен қатар, тыңайтқыш шашатын, шөп орайтын машиналарды шығарумен келе жатқан өнеркәсіп техникалары бүгінде әлемнің 85 мемлекетіне экспортталады. Ендігі жерде Түрік компаниясы Қазақстанмен, соның ішінде біздің өңірімізбен әріптестік орнатуға ниетті екен. Делегация өкілдері өңіріміздің басшыларына жылы шырай танытып қарсы алғандарына алғыс айтып, компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Ихсан Юмлу, Fimaks компаниясының президенті:
– ТМД елдерінің бірқатарымен бизнес саласында әріптеспіз. Ал Қазақстанға алғаш келуіміз. Біз ғаламтор арқылы Қостанай облысының даму көрсеткішімен, соның ішінде ауыл шаруашылық саласымен танысып алдық. Ендігі кезек, алдағы күндерде өңірдегі өндіріс орындарын көріп, өнеркәсіп салаларымен жан-жақты танысу жоспарымызда бар. Содан кейін қандай салаға инвестиция құямыз, соны сараламақпыз. Сол арқылы келісімдерге келеміз деп сенемін. Қалай болғанда да, жұмысымызды бір саладан бастауымыз керек қой. Егер компаниямыздың техникалары Қостанай өңірінде кеңінен саудаланып жатса, сіздермен неге әріптестік орнатпасқа.
Ихсан Юмлу мырза өздері өндіріп отырған ауыл шаруашылық машиналарының бағасы Еуропаның басқа елдеріндегі техникалардың бағасынан анағұрлым арзан екенін айтты. Сондай-ақ, мейман Қазақстанда газ бен жарықтың бағасы Түркиядан бірнеше есе арзан деді. Сол себепті, бұл өңірлерде құс өсіру бизнесін жандандыруға зор мүмкіндік бар.
Бүгінгі таңда Түркияда 18 млн. ірі қара мал бар екен. Өңір басшысы Нұралы Садуақасов алдағы жылдарда біздің облысымыздың да төл басын арттыруда ауыл шаруашылығы техникаларының рөлінің зор екенін атап өтті. Әкім шетелдіктерге алдағы уақыт мүмкіндік болып жатса, техникаларын әкеліп көрсетуді ұсынды. Сонымен қатар, өңіріміздің де делегациясы Кіші Азия түбегіне барып, Түрік елінің жай-күйімен танысып келуге болатынын айтты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.