Облыс әкімі Кәмшат Дөненбаеваны құттықтады
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастап, Сайран Бұқанов, Борис Князев, Алмат Тұрсынов сынды Қазақстанның Еңбек ерлері қостаған ел азаматтары Социалистік Еңбек Ері, Қостанай жерінің мақтанышы Кәмшат Дөненбаеваны Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, өңір басшысы Архимед Бегенжанұлы аңыз апамызды Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойлық және Қостанай облысының 80 жылдығына арналған қос медальмен марапаттады және де Кәмшат Байғазықызының жаңа қонысына облыс әкімі 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық берді.
Кезінде Кәмшат Байғазықызы еңбек жолында жөн сілтеп, ақ батасын берген інілері Тобыл-Торғай өңірінің атпал азаматтары атанып, ұстаз әрі ана алдына келіп, ізет көрсетіп отыр. Сыйлы қонақтарға апамыз дастархан жайып, бір марқайып қалды. Кешегі еңбекқор тракторшы қыз – бүгінгі ақ жаулықты, құрметті ана. Балалары мен немере, шөберелерінің арасында бейнетінің зейнетін көріп отқан жайы бар. Қазіргі қазақ қыздарына нағыз үлгі аларлық тұлға. Келген қонақтарға апамыз өз ақыл-кеңесін айтып, тілегін жеткізді.-Ең әуелі, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла Елбасына күш-қуат берсін. Қостанай жері – еңбек етер адамға жайлы, берекелі мекен. Сондықтан ерінбеген адам, міндетті түрде жетістікке жетеді. Ендігі кезек жастардың, мына өздеріңнің қолдарыңда. Ел үшін еш аянып қалмаңдар,-деді Кәмшат Байғазықызы.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ