Армысың, жаңа оқу жылы!
Облыс орталығындағы Сырбай Мәуленов атындағы гимназия қаламыз бен облысымызда ғана емес, республика көлемінде алдыңғы қатарлы білім ордаларының қатарында. 2003 жылы күрделі жөндеуден өтіп, келесі жылында гимназия дәрежесін алған қарашаңырақ талай дарынды шәкірттер түлетіп ұшырды. Олардың алды еліміз бен шетелдерде үлкен қызметте.Биылғы жаңа оқу жылында білім ордасында 400 оқушы білім алмақшы. Ал 1 қыркүйек күні 80 бала 5 сыныптың табалдырығын аттап отыр.– Өткен 2021-2022 оқу жылын біздің 29 түлегіміз аяқтады. Олардың 14-і мемлекеттік грант иегері атанып отыр. Бұл біздің оқу орнымыз үшін зор нәтиже, ұстаздарымыздың кәсіби білім берумен қатар, тәрбиелі азамат болып өсуіне тигізген еңбегі орасан, – деді С.Мәуленов атындағы гимназия директоры Данагүл Сүйіндікова білім күніне арналған салтанатты жиында.Үстіміздегі жылы білім ордасы есімін иеленіп отырған көрнекті ақын жерлесіміз Сырбай Мәуленовтің 100 жылдық мерейтойы. Ұлт Ұстазы Ахаңның тойымен қатар, Балалар жылы оқу орны үшін айрықша шараларға толы болып жатыр.Жаңа оқу жылында өңірімізде 112 778 оқушы білім алады. Мектеп табалдырығын 12,1 мыңнан астам бүлдіршін аттып отыр. Облыстық білім басқармасының таратқан мәліметіне сүйенсек, жаңа оқу жылында Қарабалық ауданында ана тілімізде оқытылатын 320 орындық мектеп өз жұмысын бастайды. Облыс орталығындағы «Береке», «Қонай» шағын аудандарында 2 мектептің құрылысы жалғасуда. Қарабалық ауданының Гурьяновское және Қостанай ауданының Еңбек ауылдарында әрқайсысы 100 орындық екі мектептің құрылысы басталады.Жалпы, 2025 жылға дейін облыста 9 120 орындық 14 жаңа білім ордасы ашылады. 108 білім беру нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізуге шамамен 7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде күрделі жөндеу көретін 20 білім беру нысанының 16-сы ауылдық жерлерге тиесілі, бағытталатын қаражат – 5,3 млрд теңге.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.