ЖЫЛДЫҢ ЖЕТІ ЖАҢАЛЫҒЫ
Жыл ішінде. Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қостанай облысының тұрғындары бірнеше мерейтойды атап өтті. Әуелгісі – облыстың 80 жылдығы. Облыс көлемінде түрлі мәдени, рухани тағылымы бар шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Аманкелді ауданында Халық көтерілісінің 100 жылдығы атап өтілді. Ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің 175 жылдығын да Тобыл-Торғай жұртшылығы жыл бойы ұлықтады. Мұнымен қоса, Арқалық қаласының 60, Лисаков қаласының 45 жылдығы ел есінде қаларлықтай тойланды.
12.09.16. Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Қостанайда жаңа мешіт ашылды. Рухани нысанға Тоблы-Торғай даласына ислам дінін таратушы Аймұхаммет Спанұлының есімі берілді. Бұл – облыстағы сыйымдылығы жағынан ең үлкен мешіт. Бір мезетте үш мың адам қабылдай алады. Сәнді, сәулетті құтхана санаулы-ақ айлар ішінде салынды. Өңірлік кәсіпкерлердің демеушілігімен және ниетші тұрғындардың қаржы жинауымен жүзеге асты.
06.12.16. Қостанай қаласының тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қалалық әкімдікке көшелер атауын өзгерту туралы хат жолдады. Яғни, Таран көшесін "Тәуелсіздік" деп ауыстырып, Герцен көшесін Қобыланды батыр есімімен атауды ұсынды. Осыған байланысты билік өкілдері қоғамдық тыңдау өткізіп, тараптардың пікіріне зейін қойған еді. Көпшіліктің басым дауыс жинауы арқылы халық қалауы қанағаттандырылды. Әйткенмен, тұрғындар тілегі республикалық ономастикалық комиссияның қуаттауын күтуде.
Жыл ішінде. Биыл облыс әкімдігі "ҚазМұнайГаз" ҰК және "ҚазТрансГаз" АҚ-мен өзара әріптестік туралы Меморандумға қол қойды. Соның аясында, алдағы екі жыл ішінде 8 елді мекенге газ беру жүзеге асырылатын болып келісілген. Нәтижесінде, биыл Лисаков қаласының Октябрь ауылы және Қашар кентінің жұрты көгілдір отынның игілігін көрді. Осы екі елді мекен арқылы облыстың газбен қамтылу деңгейі 60 пайызға жетті. Бұл мақсат үшін қарастырылған қаржы көлемі – шамамен 10 млрд теңгенің маңайы.
27.05.16. Облыс орталығындағы Герцен-Киев көшелері қиылысына қарақыпшақ Қобыланды батырдың қола мүсіні орнатылды. Ірі көлемді ескерткіштегі баһадүрдің бейнесі эпостық жырдағы қолмен салынған суреттің негізінде кескінделген. Авторлары – елге танымал сәулетшілер Әбдікәрім және Әбдімүтәліп Ахметовтер. Ескерткіштің ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және қала тұрғындары қатысты.
27.09.16. "СарыарқаАвтоПром" ЖШС тоқпен жүретін JAC автокөліктерін құрастыра бастады. Бұл тұтас Қазақстандағы ноу-хау болып танылып үлгерді. Облысқа іссапармен келген ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев экологиялық таза көліктермен танысып, сынап көрді. Оның жаңа өнімге беріп отырған бағасы жоғары. Келер жылы Астана қаласында өтетін ЕХРО-2017 көрмесіне қойылады деп күтілуде. Айрықша JAC темір тұлпарының "Халық маркасы" аталымын жеңіп алғанын да айта кеткен жөн.
03.11.16. Затобол кентінен екі шақырым жерден жаңа геоглиф табылды. Бұл – Turgay Discovery жобасының жетекшісі, танымал зерттеуші Дмитрий Дейдің кезекті олжасы. Геоглифке көлемі тіктөртбұрышты болғандықтан "Қостанай тетрагоны" деген ат қойылды. Көктен ғана көрінетін көне белгінің солтүстік жағының қашықтығы – 171 метр, бүйірі – 137 метр. Тылсым өрнек қола дәуіріне тиесілі. 3000 жыл бұрын діни нысан ретінде салынған болуы ықтимал. Мұны Д.Дей басқа сөззбен "Күн ғибадатханасы" дейді. Еске салайық, зерттеуші 2007 жылы Торғай төсінен жетпістен астам геоглиф тауып, әлем назарын қазақ даласына аудартқан еді.