«Ашық есік күніндегі» айтыс
Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада «Ашық есік күні» танымдық-мәдени шарасы өтті. Кеш барысында студенттер арасында айтыс ұйымдастырылды. Оған облысқа танымал жас айтыскерлердің көбі қатысты. Айтысқа енді қадам басқан ақындар да еркін тақырыпта сөзжарысқа түсті. Әрине, олардың өнері жоғары деңгейде болды дей алмайсыз. Қазылар алқасының мүшелері болашақта ақындарға сахна мәдениетін сақтау керектігін айтты. Нәтижесінде бірнеше облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері, ҚМПИ студенті Нәрия Ақбабақызы бас жүлдеге ие болды. Ал оның қарсыласы Нұрсұлтан Қасым бірінші орынды қанжығаласа, қалған екі орын Ернұр Әуезхан мен Нұрболат Қадыровқа бұйырды.
– «Ашық есік күні» жобасы кітапхана оқырмандарына керемет көңіл-күй сыйлап қана қоймай, рухани азық алуына ықпал етеді. Осынау тағылымды шара тарихи танымымызды кеңейтетіні анық. Облыстық кітапхананың мұрындық болуымен өткізілетін айтыстарға үнемі қатысып тұрамын,- деді жас ақын Серәлі Мырзабай.
Жалпы, айтысқа қатысушылардың барлығы алғыс хатпен марапатталды. Айтыс жанашыры Ибраш Естайұлы ақындарға қаржылай демеу көрсетті.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ