“Бала дауысы-2019”: Дарындылар сынға түсті
«Бала дауысы» Ұлттық балалар ән байқауының төртінші мауысымының кезекті іріктеу кезеңі Қостанай қаласында өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларды анықтау. Ән байқауына облысымыздың барлық өңірінен жас өрендер қатысты.
Байқауды ұйымдастырушылар тобы Қостанай облысына танымал әнші, отандық «Ringo» тобының мүшесі Данияр Өтегенмен бірге келді. Өзі де кезінде байқау арқылы елге танымал болған ол, қазылар алқасының алдында өнер көрсетпекші қатысушылардың толқыныстарын ұғып, оларға қолдау көрсетіп отырды. «Мирас» мәдениет сарайына жиналған жерлестеріне байқаудың былтырғы мауысымының финалистері Дана және Дина Белисаровалар, «Бала дауысы-2017» байқауының финалисі Ясмин Аюпова мен «Bala Türkvizyon» финалистері – Мария Кунщикова және Мәулен Қадыров қолдау білдіріп, кеңестермен бөлісті.
Ең үздік дауыс иесі болып Затобол елді мекенінің тұрғыны, 11 жастағы Едрес Әбілмансұр танылды. Күзде ол Қазақстанның басқа аймақтарының 16 финалистерімен «Жұлдызды Арман үйінде» кездеседі. Байқаудың суперфиналына дайындалу мақсатында балалар вокал, хореография және әртісттік қабілеттерін арттыратын сабақтарға қатысады.
Осы жылдың 25-27 қазан аралығында Алматы қаласының Республика сарайында өтетін байқаудың суперфиналында байқау аясында жазылған жаңа әндер шырқалып, «Балалық шағымыздың мейірімді ғаламшары» атты спектакль-мюзиклдың тұсаукесері өтеді. Байқаудың ақтық кезеңдерін кәсіби қазылар алқасы және смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер бағалайды.
«Бала дауысы-2019» байқауының жеңімпазы музыкалық оқу орнында білім алуға мүмкіндік беретін грант пен Диснейленд ертегілер әлеміне саяхат жолдамасына ие болады.
Әсел Қибаш