Газ құбыры іске қосылды
Өткен жылы өңір басшысы Архимед Мұхамбетов «ҚазМұнайГаз» ҰК және «ҚазТрансГаз» АҚ-мен Қостанай облысы әкімдігі арасындағы өзара әрекеттестік және қызметтестік туралы Меморандумға қол қойған еді. Бұл, сәйкесінше, облысты газбен қамтудың кедергісіз іске асуына және газ желілерінің тиісті талап бойынша ұсталуына оң ықпалын тигізіп отыр.
Тәуелсіздікке тарту ретінде Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Қостанай облысының елді мекендерін газдандыру және газ тарту желілерін жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында Октябрь ауылында газ жеткізетін құбырлар мен көшеаралық газ желілерінің құрылысын аяқтады.Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхабетов пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосов қатысты.
Октябрь кентін газдандыру барысында ұзындығы 3,5 шақырым болатын газ жеткізуші және 36 шақырым көшеаралық құбыр салынды. Елді мекенде 4000-нан астам адам тұрады. Жіктер болсақ, 35 көпқабатты, 700 жеке тұрғын үй мен 36 коммуналдық-тұрмыстық, жеке әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылуға әзір тұр.-Биыл өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына оң септігін тигізетін бірқатар жұмыстар атқарылды. Тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шарауашылық, жол құрылысы салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, шағын және орта бизнесті қолдау жаңа серпін алды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай біз Октябрь кентіне табиғи газ бергелі отырмыз. Бұл ауылдың одан әрі дамуына зор ықпал жасайды, тұрғындардың өмір сүру сапасын айтарлықтай көтереді және жаңа кәсіпорындар ашу үшін өте ыңғайлы болмақ,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Меморандум бойынша жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Екіжақты келісімнің шартына сүйенсек, екі жыл ішінде бас-аяғы 8 елді мекенді газбен қамтамасыз ету керек. Жалпы, инвест-жоба аясында 49 мың адам табиғи отынға қосылмақ. Бұл облыс тұрғындарының орталықтандырылған газға деген қолжетімділігін 10 пайызға арттырады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.