Соғыстан оралмаған боздақтар
Кеңес жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысында жеңіске жетіп, неміс фашистерін талқандағанына 70 жылға аяқ басса да, қан майданда ерлікпен қаза тауып, әлі күнге дейін қайда жерленгенін ұрпағы біле алмай жүрген боздақтар қаншама десеңізші? Қан майдан сан жоқ жауынгердің өмірін қыршынынан қиды. Із-түзсіз еткендердің арасында кейін тірі оралғандары болды. Ал сұраусыз кеткендер мен көп жылдардан бері іздеудегі майдангерлер саны толастар емес. Солардың қатарында – Табысбек Бениязов, Кәкімжан Жүсіпбековтер де бар.
Редакциямызға арнайы келген Нұржамал Бозшинаның әкесі Тұрғалидың қос бауыры Кәкімжан мен Табысбек Жүсіпбековтер соғыс басталғанда Отан қорғау мақсатында ұрысқа кетіп, сол бойы қан майданнан оралмаған. Қазір Нұржамал апайдың қолында әкесінің бауырларына арнап жазған бір жапырақ өлеңі ғана бар екен:
– Менің әкем Тұрғали Түсіпбеков Аманкелді ауданында милиция қызметін атқарған. Құрметті демалысқа шығып, зейнет жасында 1986 жылы қайтыс болды. Әкем қайтқаннан кейін оның қағаздарын ақтарып отырып, 1943 жылдың 20 мамырында майдандағы бауырларына арнап өлеңмен жазған хатын тауып алдым. Соған қарағанда, әкем қос інісімен үнемі хат жазысып жүрген. Бір таңданарлығы, әкем өлеңмен жазған осы хатты бойтұмардай сақтап келіпті. Ол хат міне, менің қолымда. Әкемнің қос бауырынан одан кейін хабар-ошар болмаған. Бірақ көзі тірісінде әкеміз қос бауырының өз еркімен соғысқа аттанғанын бізге жиі айтып отыратын.
Нұржамал апайдың айтуынша, бұрын үйлерінде соғысқа кеткен екі ағасының фотосуреттері болған. Сол тарихи естеліктер отбасы әрі-бері көшіп жүргенде жоғалыпты. Ал Табысбектің апайы Амантай көп жылдар ағасына іздеу салыпты. Бірақ ешқандай дерек табылмады дейді. Нұржамал апаға белгілісі, Кәкімжан он жылдықты бітірген соң, майданға аттанды. Ал Табысбек болса бір жылдай комсомол жастардың ұйымдастырушысы қызметін атқарып жүрген. Тұрғали ақсақалдың айтуынша, олар майданға аттанғанда бірі он сегіз жасар, екіншісі он жеті жастағы жігіттер болған екен.
– Әкемнің қос інісі туралы мендегі дерек осы ғана. Не олар туралы құжаттар да жоқ. Ең өкініштісі, біздер – әкеміздің қос бауырының қай майданда, қашан қаза тауып, қайда жерленгенінен де бейхабармыз. Бізге ұрпағы ретінде бататыны осы. Амал қанша, одан кейін қаншама рет сұрау салсақ та, қос боздақтың соғыс жылдарында қай зиратқа жерленгені әлі күнге табылмауда. Әкем де өле-өлгенше облыстық әскери комиссариаттан іздеу салып жүретін. Барша жұрт Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 69 жылдығын салтанатпен тойлап жатқанда, біз әкемнің қос інісі Кәкімжан мен Табысбек туралы бір де дерек таба алмай қиналып отырған жайымыз бар, – дейді әжей.
Нұржамал апа бәлкім біздің еліміздің Қорғаныс министрлігі, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қол ұшын беріп, хабар-ошарсыз кеткен Кәкімжан мен Табысбектің қай майданда қаза тауып, қай қаладағы бауырластар зиратына жерленгенін табуға көмектесер деген үмітте. Соншама жылдар "бір хабар болар-ау" деп күткен үміттерінің бүгін-ертең ақталатындай, ағаларының зираты туралы бір жылы хабар алатындай әлі күнге елеңдеулі. Апаның майданға кеткен боздақтардың бір жерде аты аталатынынан үміт үзгісі жоқ. "Қайбір күн ұрпақтарым сол майдангерлердің басына барып, тағзым жасап, құран оқитынына сенімдімін" дейді.
Редакция тарапынан біз де "бәлкім, қатардағы жауынгерлер Кәкімжан Жүсіпбеков пен Табысбек Бениязовтар туралы да бір жылы хабар жетер туыстарына" деген ниеттеміз. Өйткені ерлік ешқашан ұмытылмайды!
Шұға Қоңқабай
Суретте: Нұржамал Бозшина.
Суретті түсірген Айбек