Мен атаммен мақтанам

Менің атам ел арасында  "Ақ жүрек" атанып, көптің құрметіне бөленген жан. Ол кісі сұрапыл соғыс жылдарында 18 жаста болатын. Жастық шағына қарамастан майданға аттанып, біздің болашағымыз бен еліміздің бейбітшілігі үшін кеудесін оққа тосты.
Бостекбай Наурызбаев
Атам Бөстекбай Наурызбаев 1918 жылы қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Қайыңды ауылдық кеңесіне қарасты Кеңарал жерінде туған. 1939 жылы әскерге алынды. Осы жылдары КСРО мен Финляндия (Фин соғысы)  арасында  болған   соғысқа қатысып ерекше көзге түскен. Кейін 12-ші гаубицалық артиллерия полкі, 18-ші атқыштар дивизиясының құрамында Маннергейм операциясына қатысты. Фин соғысы аяқталғаннан кейін Белоруссия әскери округына ауыстырылды. 1944 жылдың желтоқсан айында Будапешт, Вена қалаларын алуда  жан аямай күресті.
Отан үшін от кешкен азамат соғыстағы ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз", 1, 2 дәрежелі Отан соғысы  ордендері,  "Будапешті алғаны үшін", "Венаны алғаны үшін", "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталған. Атам майданнан елге оралғаннан кейін мәдениет бөлімінің бастығы, 1960 жылы "Коммунизм жолы" совхозында бөлімше басқарушысы, шаруашылық жөнінде директордың орынбасары сияқты жауапты қызметтер  атқарып,  зейнеткерлікке шыққан. Ол ұрпағының қызығын көріп, 1991 жылы көктем айында 73 жасында дүние салды. Артында Серік, Берік, Еркін есімді ұлдары мен Фарида, Айман, Айгүл, Айнұр сынды қыздары және немере-шөберелері қалды. Аманкелді ауданындағы белгілі азамат Бөгетбай Әлмағанбет кезінде облыстық газетте очерк жазып, атамның ерліктерін аудан халқына паш етті.
Мен атаммен мақтанамын. Ол кісінің ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Бізге жарқын болашақ, бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлерінің ерлігі ұмытылмаса екен.
Айгерім Бөстекбаева,
Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің студенті.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓