Қостанайдағы президент шыршасы
Бүгін Қостанайда ҚР Президентінің Жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік іс-шараға облыстың аудан, қалаларынан, барлығы 200 бала қатысты. Көңілді кеште қуыршақ театры мен эстрадалық-цирктің өнерпаздары әртүрлі қойылымдар ұсынды. Балалар мультфильм кейіпкерлерімен бірге билеп, хормен ән айтты. Олар теледидар арқылы Президенттің құттықтауын тыңдап, Елбасыға алғыс айтты.



Елбасының құттықтауынан соң Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов сөз алды. Өңір басшысы: «Балалар – біздің болашағымыз, байлығымыз, үмітіміз. Сіздерге үлкен үміт артамыз. Елбасы өзінің құттықтау сөзінде сіздерге жарқын болашақ тіледі. Егер, сіздер оқуда озат болып, білікті маман атанып, еліміздің қарқынды дамуына үлес қосатын болсаңыздар, біздің еліміздің болашағының жарқын болатынына кәміл сенімдімін,-деді. 
Президент шыршасына қатысқан балалар шетінен үлгілі, өнерлі оқушылар. Олар оқуда озат, спорт пен шығармашылық салаларында табыстарға қолжеткізген дарынды шәкірттер. Жаңа жылдық кеште екі жүз балаға планшеттер, кітаптар, әртүрлі тәттілер берді. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған байқауда жеңіске жеткен 15 балаға «Большевичка» тігін фабрикасы спорттық костюмдер, «АгромашХолдинг» АҚ мен «Асалия» кәсіпорны смартфондар сыйлады. Жеңімпаздардың бірі – Алтынсарин ауданы, Щербаков ауылынан келген озат оқушы Саят Алтай. Ол Щербаков орта мектебінің 6ә-сыныбында оқиды. Байқауға ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсаринға арналған өлеңін тапсырып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған ғимараттың жобасын жасады.





Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.