ЭКСПО-да екі бірдей орталық ашылды
Бүгін Астанадағы ЭКСПО көрмесі аймағында екі бірдей орталықтың таныстырылымы болды. Біріншісі көрме қатысушыларына көші-қон, виза, салық және тағы басқа мемлекеттік қызметтер көрсетсе, екінші орталық барлық қатысушылар мен қонақтарды тіркеуге кірісті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгінде бірыңғай қызмет көрсету орталығына кеден, салық, көші-қон, сыртқы және ішкі істер органдарының қызметкерлері жіберіліп отыр. Олар шетелдік қонақтарға құжат рәсімдеу жағынан көмектесетін болады.
"Бұл кәдімгідей өзіміздің xалыққа қызмет көрсету орталығы іспетті. Бірақ ол шетелдік қатысушылар мен қонақтарға қызмет көрсететін болады. Жаңа ғана Монаконың бір өкілі келіп, кеңес алып кетті. Осылайша, мемлекеттік органдардың қызметкерлері бір жерде отырып, қажетті көмектерін жасайтын болады. Мәселен, кейбір мемлекеттерде Қазақстанның консулдық қызметі болмай қалуы мүмкін. Сол кезде ол елдің азаматтары орталықта отырған сыртқы істер министрлігінің көмегіне жүгіне алады. Сосын бұл жерде салық қызметтері де бар. Өйткені кез келген шетелдік делегация ЭКСПО-ға қатысып қана қоймай, өзінің коммерциялық қызметін жүргізеді, кәдесый сатады, мейрамxана ашады және тағысын тағы. Ондайда бюджетке салық төленуі тиіс. Міне, осының бәрін бір орталықта рәсімдеп алуға болады", – дейді сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры Дияс Азбергенов. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін орталық қызметіне жүгінген шетелдік қонақтардың барлығы аталған қызметтің жұмысын жоғары бағалады. Себебі мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмай, тиісті қызметті ЭКСПО аумағынан шықпай-ақ бір жерден алуға болады. Бұдан бөлек, осы орталықта банк, сақтандыру, консалтинг, аударма, логистика мен әуе билеттерін брондау қызметтері де бар.
Ал аккредидациялау орталығы көрме аумағында және жеке нысандарға барғысы келетін барлық адамдарды онлайн жүйе арқылы тіркейді. Осының арқасында көрмені ұйымдастыру мен өткізу кезіндегі шаралардың қосымша қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.