Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
"Мирас" мәдениет үйінде алдағы мемлекеттік қызметкерлер күніне орай "Мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте" облыстық байқауы өтті. Оған өңірдегі жергілікті билік өкілдері қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты – қазақ тілінің аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру. Қостанай облысының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Салауат Мұқсимов қазіргі таңда мемлекеттік тілді білуге көп көңіл бөлінетіндігін атап өтті.
-Елбасы Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеру керек екендігін үнемі айтып отырады. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметкерлердің сапасын, білімін арттыру. Бұл ретте қазақ тілін білу – басты міндет,-дейді департамент басшысы С.Мұқсимов.Мұндай шара жыл сайын ұйымдастырылады, бірақ шарттары өзгеріп отырады. Мәселен, биыл үміткерлер жеке-жеке емес, командаға бірігіп сайысты.
-Жарысқа қатысу үшін 17 командадан өтініш келіп түсті, әр топта 3 адамнан. Бас-аяғы 50 адам қатысып отыр. Қатысушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі үш кезеңнен тұрды. Мақсатымыз айқын – қазақ тілін дамыту,-дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының жоспарлау, талдау және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Кенжеғали Бимағанбетов.Командалар алғашқы кезеңде өздерін таныстырды. Бұдан соң әділ қазылар олардың латын қарпінде оқу деңгейін және мемлекеттік қызметшінің мінез-құлық нормаларының этикасын бағалады. Аталған екі кезеңнен кейін қазылар тек Алтынсарин, Аманкелді, Жанкелдин, Меңдіқара аудандары мен Қостанай, Рудный қалаларының, сосын облыстық Ішкі саясат басқармасының командаларын келесі айналымға өткізді. Ақтық сында үміткерлер Қазақстанның киелі жерлеріне шолу жасады.Барлық қатысушы білімді әрі өз ісінің шебері екенін байқатты, дегенмен, жарыс ережесіне сай тек жүзден жүйрік шыққандар ғана жеңімпаз атанады. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша Ішкі саясат басқармасының бас мамандары үздік деп танылды.-Біздің мамандар бұл сайысқа бірінші рет қатысып отыр. Сондықтан, жақсы дайындықпен келдік, әсіресе, еліміздің киелі жерлерін жақсы зерттедік. Меніңше, отанымыз үшін маңызды мекендерді еліміздің бүкіл азаматы білу керек. Сондай-ақ, бірнеше тіл білу де маңызды. Мен қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде еркін сөйлеймін. Мәселен, ағылшын тілін білгендіктен, мен латын қарпінде оқуға қиналмаймын. Мұндай байқаулардың беделі жыл сайын артып келеді, өйткені, қазір мемлекеттік қызметте жастар көп. Олар бәрін үйренуге әзір,-дейді жеңімпаз команданың капитаны Бағдат Жакенова.
Ал, жүлделі екінші орынды Рудный қаласы, үшінші орынды Аманкелді ауданының командасы әкетті. Жарыс жеңімапздарына мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.