Мереке қарсаңында…
Қостанай қаласындағы №115 орта мектебіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні мектептің осындай қалыпқа енуіне ұстаздар мен оқушылар қуанышты.-Әрине, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында мектебіміздің аз мерзім ішінде жөнделіп, жаңарып шыққанына көңіліміз тоқ. Мектептің салынғанына да, жөндеу жұмыстарын көрмегеніне де көп жылдар болды. Енді, зәулім кең сарайдай. Асханамыз бен спорт залымыз қандай, бәрі де жақсы, кең. Оқушылар мен ұстаздардың да көңілі көтеріңкі,-деді мектеп директоры Жантөре Ысқақов.Мектепке жасаған күрделі жөндеу жұмыстарының бас мердігері «Елена Д» ЖШС (директоры И.Марер) болды. Мектепке жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң салтанатты түрде ашылуында Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Б. Аққожина, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары В. Цымбалюк, осы жөндеу жұмыстарын жүргізген серіктестіктің басшысы, бас мердігер И. Марер сөз сөйлеп, өздерінің құттықтауларын жеткізіп, игі тілектерін айтты. Бас мердігер де өзінің сый-сыяпат жасады. Сол секілді есімдері өңірімізге белгілі Серік пен Римма Бектұрғановтар осы мектептің түлектері екен. Ғалым-педагог Римма Бектұрғанова жиналған ұстаздар мен оқушыларды, келген қонақтарды ең алдымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен құттықтады, жасалынған күрделі жөндеу жұмыстардан соң мектептің жаңарып, жаңғырғанын айтып өтті. Сондықтан да шешен өз сөзінде мектепке интерактивті тақта сыйлап, екі оқушыға, ұл мен қызға атаулы стипендия тағайындайтындықтарын жеткізді. Ал, Қостанай қаласы әкімінің атынан оның орынбасары құттықтауын жеткізе отырып, мектеп ұжымына екі млн. теңгенің сертификатын табыстады. Мектептің барлық жөндеу жұмыстарына 567 млн. теңге жұмсалғанын айта кеткеніміз жөн.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ