Күй ойнайды қазағымның қанында
Бүгін қостанайлық бір топ домбырашылар бір мезгілде Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тартты. Қаладағы «Март» сауда-ойын сауық орталығында өткен флешмобқа жүзге жуық адам қатысты. Олар Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның күйшілері, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатының оқушылары, музыкалық мектептің домбырашылары.«25 жұлдызды күн» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шарада «Әлқисса», «Адай», «Балбырауын» күйлері орындалды. Қатысушылардың ең кішісі 9 жаста. Көрермендер домбырашыларға дем беріп, қошемет білдірді.– «Ұлы дала Елі Тәуелсіздіктің 25 негізі» жоспарына сәйкес домбырашылар флэшмобын өткізуге жиналған едік. Біздің қатарымызға өзге де өнер ошақтары мен үйірмелердің мүшелері қосылды. Халық көп жиналатын жерде флешмоб ұйымдастыру арқылы ұлттық аспапты насихаттасақ дейміз. Біздің мектепте «Үкілі домбыра» атты үйірме бар. Оның жетекшісі Айнұр Әбішева. Үйірмеге қырық бала қатысады. Бүгінгі іс-шараға 35 баланы алып келдік,-деді мектеп-интернат директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Сәдуақасова.
Қымбат Досжанова.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.